Ішкі істер министрі жарылғыш зат туралы жалған хабарламаларды тексерудің қиындығына тоқталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеге ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келді. Журналистермен кездесу кезінде мектептерге бомба қойылғаны туралы жалған ақпараттың таралуы, күрес жолы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласындағы мектептерге бомба қойылды деген ақпарат көп тарап, арнайы қызмет тексеру жүргізуді жиілетті. Тіпті алғашқы қоңырау күні де дүрліккен кездер болды. Сонымен бірге бір сәтте бірнеше білім ордасы қатар назарға ілікті.

Ақтөбеге келген ІІМ Марат Ахметжанов баспасөз мәслихатында осыған қатысты сұраққа жауап берді.

«Бұл – қылмыстық іс. Оқу, өндірістік процесте іркіліс болып, материалдық шығын әкеледі. Әр хабарлама мұқият тексеріледі. Бұл - талап. Сауда орталықтары болса, білім ошағында да адамдар эвакуацияланады. Өкінішке қарай нөмірлері, электронды мекенжайлары анықталмай жатады. Кейде өзге елден жіберіледі. Кейбірі бұзақылық жасайды, мектепке барғысы келмегендер хабарлайды, кейде адамдар арасында үрей тудыру үшін әдейі жалған хабарлама беретіндер бар. Қазір мектептердің қауіпсіздігі маңызды. Білім ошақтарының көбінде бейнебақылау камерасы бар, дабыл жүйесі қондырылған. Электронды турникет орнатылған. ІТ мамандар да жұмыс істеп жатыр. Олардың бұл бағыттағы жұмысы жақсы нәтиже береді деп үміттенеміз», - деді ІІМ Марат Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар