Ішкі істер министрі оңтүстік шекараны күшейте түсу қажет деп санайды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында  өткен Үкімет сағаты барысында ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов оңтүстік шекараны күшейте түсу қажеттігі туралы пікірін ортаға салды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет есірткі мен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламасын қабылдады. 2009-2011 жылдарға арналған осы бағдарламаға Үкімет тарапынан 39 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Бұл қаржының басым бөлігі шекаралық және кедендік қызметке қарастырылатын болады», деді С. Баймағанбетов.

 Министрдің пайымдауынша, Қазақстанның оңтүстігіндегі, әсіресе қырғыз елімен шектесетін шекараны күшейте түсу қажет. Бұндай шара еліміздің криминогендік жағдайын жақсартуға өз септігін тигізетін болады. «Жалпы, елімізге жасырын әкелінетін есірткі заттарының басым бөлігі осы өңір арқылы келеді. Бір жағынан шекараны күшейту арқылы заңсыз көші-қонға тосқауыл қоятын боламыз. Шындығында, көші-қонның заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою елдің криминогендік жағдайына әжептәуір әсер етеді. Мәселен, Алматы қаласында әрбір екінші қылмыс шеттен келушілер тарапынан жасалады», деді ведомство басшысы.

 Сонымен бірге, министр Шу алқабынан тарайтын есірткілік қауіпті жою мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, осы өңірде жыл сайын арнайы операциялар мен тиісті шаралар қабылданғанымен де, жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. «Ішкі істер органдарында 55 мыңнан астам нашақор есепке алынған», деді министр. 

Соңғы жаңалықтар