Ішкі істер министрі карантин шараларын күшейтуге дайын екендігін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдары елде карантин режимін күшейтуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша ішкі істер органдары карантин режимін күшейтіп, елдегі қоғамдық тәртіпті сақтауға дайын.

«Қазіргі таңда біздің министрлік денсаулық сақтау саласының органдарына карантиндік және шектеу шараларының сақталуына көмектесіп келеді. Бұл мақсатта күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмыс істеуде. Екі облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, екі аймақта төрт блок-пост пен екі санитарлық пост қойылды. Сонымен бірге полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге, медициналық мекемелердің сұрауы бойынша коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған азаматтарды анықтап жатырмыз», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша бұған дейін полиция қызметкерлері денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге ел ішінде 5 мыңнан астам бірлескен рейд жүргізген. Осының арқасында карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталған. Оның 4600 жағдайы сауда орталықтарында, дүкендер мен базарларда тіркелсе, 1700 факт мейрамханалар мен басқа да тамақтану орындарында болған.


Соңғы жаңалықтар