Ішкі істер министрі қалалардың карантинге жабылуына қатысты үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиннің енгізілуіне қатысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін түнде, яғни 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин енгізіледі. Осыған орай вирус тарамауы үшін жергілікті әкімдіктер жабылатын орындарды белгілеп, қалаларға кіріп-шығу мәселесін пысықтап жатыр. Ол туралы қосымша хабарланады. Ал әзірге полиция қызметкерлері қалаға кіретін барлық жолды бақылау алды. Алматы бойынша 27 блокпост қойылды. 900-ден астам полиция мен әскери қызметші шықты. Нұр-Сұлтан бойынша жеті блокпост қойылып, 500-ден аса қызметкер жұмысқа кіріседі. Сонымен бірге, бекеттерде санитарлық дәрігерлер, жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қызмет атқарады», - деді Ерлан Тұрғымбаев «Хабар 24» арнасынан тікелей эфирден сөйлеген сөзінде.

Министр өз сөзінде автокөліктер мен адамдардың қозғалысына шектеу енгізілетінін жеткізді.

Бұл ретте министр азық-түлік, дәрі-дәрмек таситын көліктерге қалаға кіруге тыйым салынбайтынын мәлімдеді.

«Қазақстан тарихында мұндай шаралар бірінші рет өтіп жатыр. Сол үшін адамдар бұл жағдайды сабырмен қабылдауы керек. Қазір біздің қоғам бірлік пен түсіністік емтиханынан өтіп жатыр. Халықаралық тәжірибе толыққанды оқшаулықтың жемісті нәтижеге жеткізетінін көрсетіп отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар