Ішкі аудиторлар ревизорлық тәсілден арыла алмай келеді - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығында алғашқы аудиторлар ұлттық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға мемлекеттік және жергілікті органдардан, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінен және Есеп комитетінен 300-ге жуық аудитор жиналды. Олар үздіксіз аудитті іс жүзінде қолдану тәжірибесімен бөлісіп, қазақстандық компаниялардың ішкі аудит инновацияларына дайындығы жөнінде пікір алмасты.

«Қазақстандағы ішкі мемлекеттік аудитті реформалау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадамның» 93-қадамында айтылған. Онда Қазақстанның кәсіби аудиторлық қауымдастығын құрудың маңызды екені айтылған. Заңда ішкі және сыртқы аудитті бөліп көрсеттік. Бір жағынан, олардың еш айырмашылығы жоқ сияқты. Бірақ, ішкі мемлекеттік аудит немесе аудитор - ұйымның басқару командасының бір бөлігі. Ал сыртқы аудит барлық ақпаратты әділ түрде ашуға бағытталады», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев конференцияның ашылу салтанатында.

Сонымен бірге, вице-министр ішкі аудит қызметтерінің 2018 жылы үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Олар көптеген ұйым ішінен ауқымды заңбұзушылықтар тапқан. Бірақ, Р. Бекетаев ішкі аудиттің негізгі мақсаты - заңбұзушылықты табу емес, жұмыс тәсілі мен мәдениетті өзгерту екенін жеткізді.

«Біз үшін бағыт ауыстыру өте маңызды. Аудиттің үш құраушысы бар: аудиторлардың кәсіби сапасы, аудитордың ұйым ішіндегі жағдайы және оның мәдениеті. Бүгінгі аудиторлар өкінішке қарай, бақылау мен ревизорлық тәсілден арыла алмай келеді. Бұл жүйені өзгерте алмай келеміз. Меніңше, ішкі жағдайды өзгертіп бастаған жөн», - деді ол.

Оның айтуынша, ішкі аудит қызметтері ұйымның қателікті тауып, жазалайтын «бөгде зат» болмауы тиіс.

«Ішкі өзгерістер бойынша алдымызда үлкен міндет тұр. Біз кез келген ұсынымды қабылдаймыз, заңнамалық актілерді өзгертуге дайынбыз. Ең бастысы - ішкі мемлекеттік аудиторлардың мәдеинетін өзгрету», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар