ИСЕСКО бас директоры Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізуге көмектеспек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим бин Мохаммед Альмаликпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл ИСЕСКО өзінің 40 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ұйым көптеген жобаларды жүзеге асырды, өзара іс-қимыл мен мәдени алмасудың тиімді құралына айналды. ИСЕСКО-ға кірген уақыттан бері Қазақстан осы ұйымның қамқорлығымен өткізілетін барлық іс-шараларға қатысып келе жатқаны қуантады. Бұл кездесу біздің ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңі болатынына сенімдімін. Біз жаңа жобалар мен бастамаларды ұсынуға дайынбыз», - деді Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Салим бин Мохаммед Альмалик әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтіп, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігімен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Ол тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандар үшін семинарлар мен курстар, әртүрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар өткізу жалғасын табатынын айтты.

Сондай-ақ, Салим бин Мохаммед Альмалик Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.



Фото: gov.kz







Соңғы жаңалықтар