Ірі жеке сектор – ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі болуы керек – Президент

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды ынталандыру қажет. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғылымды дамыған елдермен бірдей қаржыландыру деңгейіне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды ынталандыру қажет. Ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі ретінде мемлекеттік бюджетпен қатар, жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қаражаттары, ірі жеке сектор – өнеркәсіптік корпорациялар және басқа да ұйымдар тартылуы керек», - деді ҚР Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде.

Президент «Самұрық-Қазына» қоры жанынан ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы құрылғанын еске салды. Бұл орталық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми қоғамдастықпен жүйелі ынтымақтастықта болады.

«Жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіруге кететін қаржысының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аудару және аударымдар мен қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен жаңа ғылыми орталықтарды құруға жеке инвестициялар үшін салықтық және инвестициялық жеңілдіктерді арттыратын кез келді деп есептеймін. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдарды тарту қажет. Олар да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыра алуы керек. Жергілікті жерлерде ғылым, бірінші кезекте, облыс экономикасының назарында тұрған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар