Ірі су қоймаларының орташа толуы 60-75 пайызды құрайды - Азидуллин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика аумағындағы ірі су қоймаларының орташа толуы 60-75 пайызды құрайды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республика аумағындағы ірі су қоймаларының орташа толуы 60-75 пайызды құрайды. Ірі су қоймаларына ағынның күтілетін көлемі норма шегінде. Барлық су қоймаларында су қабылдауға арналған бос көлемдер бар. Су қоймалар бекітілген жұмыс режиміне сәйкес жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда екенін атап өтемін. Сырдария өзенінде мұздың жиналуына және қабыршақ мұз өтуіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін күн сайын тиісті органдармен мониторинг және ақпарат алмасу жұмыстары жүргізілуде», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің дерегінше, бүгінде Шардара су қоймасының көлемі - 4 669 млн, Көксарай су реттегішінің көлемі 1407 млн текше метрді құрайды. Шардара су қоймасында 531 млн, Көксарай су реттегішінде 393 млн текше метр бос орын бар.

«Қазіргі уақытта қауіпсіздікті және үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда су торабы, Әйтек су торабы, Қазалы су торабы және Ақлақ су торабы пайдалану қағидаларына сәйкес транзиттік режимге ауыстырылды. Су шаруашылығы жағдайы өзгерген кезде Шардара су қоймасының жұмыс режимі қайта қаралатын болады. Аталған мәселе министрліктің айрықша бақылауында», - деді Ғалидолла Азидуллин.


Соңғы жаңалықтар