Ірі өрт ошақтарын ауыздықтауға 39 мың адамдық қосымша топ әзірленді - ҚР ТЖМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа ірі өрттер болған жағдайда мемлекеттік органдардың жұмысы қалай үйлестірілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Юрий Викторович, ірі табиғи өрт болған жағдайда әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдардың қызмет күшін тарту және үйлестіру жұмыстары қалай пысықталған?», - деп сұрады Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл бағытта әдеттегі жеке құрамнан бөлек қосымша күш әзірленген.

«Баяндамамда айтқанымдай, наурыз айында үкіметтік жоспарымызға түзету енгізілген болатын. Ол жоспар бүкіл атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың мақұлдауынан өтті. Қосымша жұмылдырылатын адам саны 39 мыңнан асады. Бұл топ болуы ықтимал ірі өрттерге тартылатын болады. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдардың барлығы бірдей авиациялық қызметтердің бірыңғай операторымен келісімшарт жасаспаған. Ал Орман шаруашылығы комитеті «ҚазАвиаҚұтқару» мекемесімен тек 5 телім бойынша ғана өрт нүктелері мен орманды патрульдеу келісімшарттарын жасаған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мамыр айының қорытындысы бойынша тағы ұсынымдар береміз», - деді Юрий Ильин.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев орнын отандық өніммен ауыстыруды қажет ететін импорттық тауралардың 3 санатын атады.



Соңғы жаңалықтар