Шымкент тұрғыны ірі мөлшерде есірткіні жерге көміп сақтаған
2022 жылғы 16 мамыр 14:59

Шымкент тұрғыны ірі мөлшерде есірткіні жерге көміп сақтаған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстады. Ер адамнан айғақты зат ретінде 50-ден астам полиэтилен пакетке салынған синтетикалық есірткі алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолға түскен ер адамның қалтасынан 36 дана сары түсті изолентаға оралған есірткі затына ұқсас ұнтақ табылған. Ал, телефонын тексеру барысында телеграм желісі арқылы есірткі сатқаны анықталған. Сондай-ақ, тергеу барысында Түркістан қаласының аумағында «синтетикалық есірткі» салынған 15 ораманы жерге көміп, сақтағаны белгілі болды.

«Зерттеу қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған ұнтақ жалпы салмағы 50 грамнан астам «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені анықталды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша тіркеуге алды» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда күдікті, яғни Шымкент қаласының тұрғыны қамауға алынды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT