Ірі компаниялар жұмысшыларының құқығын бұзған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өрт, өндірістік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Негізінен компанияларда жарамсыз өрт дабылдары мен желдету құрылғылары, қорғалмаған электр қалқандары, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің болмауы сияқты кемшіліктер тіркелген.

«Мысалы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС шахталарында жұмыс шатырды реттейтін бекіткіштерсіз жүргізілетіні анықталды. Осының салдарынан кеншілер кез келген сәтте тау массасының астында қалуы мүмкін. Жалпы жазатайым оқиғалардың 60% осындай заңбұзушылықпен байланысты»

, - дейді ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов.

Сонымен қатар, тексеріс кезінде 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдықтың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған. Ал 50-інің жұмысы толық тоқтатылуы тиіс (олармен 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр).

«Азаматтардың еңбек құқығын бұзушылардың арасында «Қазцинк», «Қазхром», «Қазфосфат», «Аралтұз», «Қазақмыс» және «Өзенмұнайгаз» компаниялары бар»

, - деп қосады Сапарбек Нұрпейісов.

Айта кетсек, прокуратура органдары еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша 49 ірі кәсіпорынды тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша 69 қадағалау актісі енгізіліп, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді. Қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды. 22 техниканың жұмысы тоқтатылды.

Сапарбек Нұрпейісов атап өткендей, бұл мәселе Бас прокурордың ерекше бақылауында.

Бұдан бұрын Бас прокуратура жалған хабарлама таратқан 236 азаматтың 147-сі сотталғанын мәлім еткен.


Соңғы жаңалықтар