Ірі көлемде пара алған Аягөз қаласының әкімі түрмеге қамалды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының әкімі ірі көлемде пара алғаны үшін 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аягөз аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Аягөз қаласының бұрынғы әкіміне қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қаралды.

«Анықталғандай, сотталушы қала әкімі лауазымын атқарып жүріп, 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстың актісіне қол қойғаны үшін мердігер ұйымнан жалпы сомасы 1 200 000 теңге мөлшерінде екі рет пара алған. Ол ақшаны алып жатқан сәтінде, қызметтік кабинетінде ұсталды. Айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, жасырын тергеу жұмыстары нәтижелерімен, болған оқиғаның бейнежазбаларымен және іс бойынша алынған айғақ заттармен дәлелденді. Сот барысында қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар болған жоқ», - делінген ақпаратта.

Сот үкімімен Аягөз қаласының бұрынғы әкімі мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығын өмір бойына жоғалтып, 4 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар