Ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр импортты алмастырудың өңірлік бағдарламаларын жүйелі қолдау шараларынан басқа келесі бағыттағы іс-шаралар ұсынылатындығына тоқталды.

«Бірінші, ірі кәсіпорындар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу, нысаналы индикаторларды белгілеу және басқа да мәселелерді ескеретін жеке бағдарламаларды әзірлейтін болады. Екінші, өнім сапасын және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында біз техникалық реттеу мәселелерін қайта қарайтын боламыз. Үшінші, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады», - деді ол.

Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мен кәсіпорындардың 4 трлн теңге көлеміндегі тауарлары сатып алынған. Оның ішінде импорт көлемі 2,9 трлн теңгені құрады.

«Бұл жерде аталған тауарлардың импортын алмастыру әлеуеті байқалады. Осы мақсатта келесі тетіктерді енгізуді ұсынамыз: шағын және орта бизнес белдеуін құру бойынша ірі кәсіпорындар үшін міндеттемелер енгізу; жер қойнауын пайдаланушылар үшін лицензия алу кезінде шағын және орта бизнес тапсырыстарымен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер енгізу», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар