Ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Моноқалаларды дамыту мәселесіне ерекше екпін қойылып отыр. Бұл туралы Сенатта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ірі жобалардың экономикаға қосатын үлесімен қатар, оларды халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау міндеті тұр. Осы себепті, жаңа өндіріс орындарын құру жобалары тек ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендер (52,4 мың орын) мен моноқалаларды (11,1 мың орын) қамтиды. Моноқалаларды дамыту мәселесіне ерекше екпін қойылып отыр. Сондықтан Қарағанды облысының Саран қаласы үлгісінде моноқалаларды қалпына келтіру міндеті тұр. Қалада іске қосылатын 3 негізгі жоба шина өндірісі («KAMATYRESKZ»), тұрмыстық техника («ARTEL»), жүк автомобильдерін («QAZTEHNA») өндіруге бағытталған. Онда барлығы 2500 жұмыс орны құрылып отыр», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, азаматтардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорын айналасында Шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген.

«Оның бір көрінісі ретінде, Қызылорда облысындағы шыны зауытын айтуға болады. Оның айналасында 8 шағын зауыттан тұратын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуі қалыптасқан», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е.Тоғжанов «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобындағы өндіріс жұмысшыларының жалақасы көтерілетінін айтты.

Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.


Соңғы жаңалықтар