Іргелі істер, жаңа жобалар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел картасында жалпағынан жатқан Жамбыл облысының батысындағы қақпасы - Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» ЖШС осыдан бір жыл бұрын үлкен бір істі қолға алып, күн электр стансасын іске қосқан-ды. Баламалы энергия көздерін пайдаланатын бұл нысанның қуаты 50 мегаВатты құрайды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Елбасы Н.Назарбаев былтырғы жылы Индустрияландыру күні ая­сында өткен жалпыұлттық теле­көпір барысында «Қазіргі уақыт­та Жамбыл облысы жел энергети­ка­сын орнатуда алдыңғы орын­дар­дың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені бар­лық жерде дамыту қажет. Ең­бектеріңізге рахмет», деген болатын. Шынында, Жамбыл об­лысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді.

Міне, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Жамбыл облысына жұ­­мыс сапары осынау энергия өн­­діруші нысаннан басталды. Бұл жоба индустрияландыру кар­та­сына енгізілген және жаңар­ты­ла­­тын энергия көздерін дамыту шең­берінде жүзеге асырылады. «Burnoe Solar -1» ЖШС-нің ди­ректоры Нұр­лан Капеновтің айтуына қара­ған­да, электр энергиясын өндіру үшін 150 гектарға 192 мың күн панель­дері орналастырылған. Бұл панель­дер 25 жылға дейін жұ­мыс іс­теуге жарамды, бірақ, үнемі күтіп ұстап, жөндеп отырса, бұл мер­­зімді 40 жылға дейін созуға бола­­ды. Өндірілген қуат қазір ау­дан­­да­ғы ортақ энергия жүйесіне «құйы­­луда».

Стансада бүгінде отыздан ас­там адам жұмыс істейді. Алдағы уа­­қытта нысанның қуатын 100 мегаВаттқа дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл 30 мың ауланы жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, осы өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықтың болмауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Биылғы жылдың алты айында 16 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Айт­пақшы, «Burnoe Solar-1» ЖШС-нің күн электр стансасы Орта­лық Азиядағы ең ірі нысан болып есеп­телетінін мақтанышпен айтуға болады. Басты ұраны «жа­сыл экономика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде бұл станса жұ­мысы облыста баламалы энер­гия көздерін таратудағы ең тиім­ді жобалардың бірі ретінде таныс­тырылмақ.

Халық шаруашылығында химия өнімі қолданылмайтын сала сирек. Ол, әсіресе, ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Егіс­тікке фосфор тыңайтқышын енгі­зу қызылша өнімділігін - 40, мақ­таны - 23, күздік бидайды - 11, жүгеріні - 20, күрішті - 15 жә­не бақша дақылдарын 40 пайыз­ға арттыратыны ғылыми негізде дә­лел­денген. Бүгінгі таңда еліміз­дегі агро­құ­рылымдардың қарама­ғын­дағы егістіктерді құнарлан­дыру үшін ғана 1 млн 200 мың тонна м­ине­ралдық тыңайтқыш қажет екен. Өкінішке қарай, экономика­лық қиындықтарға байланысты егіс­тікке тыңайтқыштың қажетті мөл­шері енгізілмей келеді.

Үкімет басшысы Кәрім Мә­сімов «Қазфосфат» ЖШС-нің «Ми­нералды тыңайтқыштар» зауытында көшпелі мәжіліс өткізіп, химия өнеркәсібін дамыту мәселесін талқылады. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев химия саласының жетістігі мен мәселесін сараптап айтып берді. Бұл салаға жауапты басшылар да өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Бүгінде 449,2 гектар жерді алып жатқан бұл кәсіпорын өнімі­­нің негізгі бөлігі отандық ауыл ша­руа­шылығы тауарла­рын өндіру­шілер үшін тыңайт­қыш­тарды субсидия­лау бағдарламасы бой­ынша ішкі нарықта сатылады. Сонымен қатар, Қытай, Украи­на, Беларусь және Тә­жікстан нарық­тарында сатылып, Ауғанстан, Қыр­ғызстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар нарықтарына шығару жөнінде ауқымды жұ­мыс­тар қолға алынуда.

- Кейінгі кезде химия өнер­кә­сібін өркендету ел экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетін маңызды бір сала екені іс жүзінде дәлелденді, - деді «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескен­діров. - Шынында, химия клас­терін дамытатын кез келді. Елі­міз фосфор кені жөнінен әлем­де төртінші орында. Оның 15 млрд тонна қоры барланған. Кейін­гі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуге күш салуда. Ауыл ша­руа­­шылығы өнімін мол өндіру үшін ми­нералды тыңайтқыш аса қа­жет. Сон­дықтан да, химия өнім­дерін көп өндіру арқылы еліміз­дің әлеуе­тін арттыруға болады. Бүгін­де біздің компанияда 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жұмыс­шы­ларды қысқарту болған емес және алдағы уақытта да болмайды деп ойлаймын. Олардың орташа айлық жалақысы 104 мың теңгені құрайды. Біздің компания еліміздің үш аймағында, яғни Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмы­сын жалғастыруда. Сонымен қатар, Алматы, Тараз, Жаңатас, Қара­тау, Шымкент, Степногор қа­ла­лары мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тұрақ­ты жұмыспен қамтып отырмыз. Әрине, әлемдік қаржы дағдары­сы кәсіп­орынның өндірісті қарыш­тап да­мытуына аз кедергі келтіріп отыр­ған жоқ. Олар соған қарамастан ең­бек ырғағын бәсеңдетпеуге күш салуда.

Жастар - үлкен күш. Жастар де­геніміз - жалын от. Жас жүр­ген  жер - мереке. Жамбыл жастары белсенді, қолынан іс келетін­дігі­мен, ойлы да биік рухты­лығы­мен, жігерлі де іскерлігімен ерекшеленеді. Міне, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жамбылдық жас­­тармен кездесуі барысында қазір­­гі жас ұрпақтың болашаққа батыл әрі ашық көзқараспен қарай­тынын анық аңғардық. Ашық-жарқын әңгіме барысында жастар жағы отандық бизнесті қолдау, алыс ауылдарға аттанған жас мамандар жайын, жұмыссыздықты жою, талантты жастарды қолдау, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, отандық кинопрокатты дамыту мәселелерін қозғады. Кездесу өте емін-еркін өткендіктен болар, жастар Үкімет басшысын «Жайдарман» кешінің қонағы болуға шақырып, Кәрім Мәсімов алдағы уақытта Астана қаласында өтетін КТК ойындарына міндетті түрде қатысып, көрермен ретінде тамашалауға уәде берді.

Бұл күні Премьер-Министр Жуалы ауданындағы «Гамбург» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана оты­рып, жем-шөп дақылдарын өсіру жөніндегі жобасымен және облыс­тық жергілікті полиция қызметінің жұмысымен танысты. Ірі қара мал басын көбейтуді мықтап қолға алған «Гамбург» ет, сүт, шұжық шығару өндірісі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсібімен де айналысады. Ал 1280 сақшысы бар жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәр­тіпті сақтау, жол қозғалысы қауіп­сіздігі, қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу және жо­лын кесу, әкімшілік құқық бұзу­шы­лық пен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бағыттары бойынша бел шешіп қызмет етуде.

Сапарының соңында К.Мәсімов Тараз қаласындағы «Көне Тараз» археологиялық саябағындағы мұ­ражай мен ежелгі қала орнында жүргізілген қазба жұмыстарының барысымен танысып, ашық алаңда жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Әңгіме Тараз қаласының тарихы, туризм мәселесі, жас­тар тәрбиесі төңірегінде өрбіді. Өткені­мізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақ­таныш болған бұл саябақ - былтыр ғана Тараз төрінде дүбірлеп өткен Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойының басты сый­лығы болатын. Көне шаһардың, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспанасты мұражайы, «Дос­тық үйі», шолу мұнарасы мен «Мың­бұлақ» сквері кіреді.

 

Соңғы жаңалықтар