Ираннан келген жолаушылар карантинге жабылады
2020 жылғы 2 наурыз 14:39

Ираннан келген жолаушылар карантинге жабылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы халықаралық әуежайы коронавирус жұқпасына байланысты Ираннан келген жолаушыларды да карантинге жабатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы әуежайдың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің «Қазақстан Республикасында коронавирус жұқпасының профилактикалық шараларын күшейту туралы шара қабылдау» жөніндегі қаулысына сәйкес 1 наурыздан бастап COVID-19 жұқпасынан қауіпті елдердің санаты қайта жасалды.

«Бірінші санаттағы жолаушылар екі тоқа бөлінді. А тобына ҚХР мен Ираннан келген жолаушылар жатқызылды. Бұл елден келгендер 14 күнге карантинге жабылады. Б тобына Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Италия және Жапония елдері жатқызылды. Бұл елден келгендерге адам көп шоғырланған жерлерге баруға тыйым салынады. 14 күн ішінде үйлерінде бастапқы медициналық көмек көрсету қызметінің бақылауында болады. Екінші санатқа Сингапур, Тайланд, Әзербайжан елдері жатқызылды. Бұл елден келгендер тұрғылықты жері бойынша 14 күн медицина қызметкерлерінің бақылауында болмақ. Үшінші санат - Германия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Бахрейн, Кувейт, Испания, Малайзия елінен келгендер де тұрғылықты мекенжайы бойынша 24 күн медицина қызметкерлерінің бақылауында болмақ», - деді әуежайдың баспасөз қызметінен.

Мұның алдында қабылданған қаулыда 1 санатта тек Қытайдан келген жолаушылар ғана болған.



Jańalyqtar

MURAǴAT