Иранмен ядролық келісімге келу мүмкіндігіне байланысты мұнай бағасы төмендеді

Фото: None
АММАН. ҚазАқпарат – Иранмен ядролық келісімді жаңарту жөніндегі келіссөздерден кейін мұнай бағасы барреліне 1 доллардан астам арзандады. Тегеран экспортты ұлғайтуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Кеше Еуропалық Одақ 2015 жылғы Иран ядролық келісімін қалпына келтіру туралы шешім жобасының соңғы мәтінін ұсынды. Еуроодақ жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, түпкілікті шешім қабылдануы үшін АҚШ пен Иранның мақұлдауы қажет. Бұл мәселе «бірнеше аптаның ішінде» аяқталуы мүмкін.

Осы ретте Brent маркалы мұнай бүгін 1,34 долларға немесе 1,4%-ға арзандап, баррелі 95,31 долларға бағаланды. Ал, АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайы 1,25 долларға немесе 1,4%-ға арзандады, оның баррелі 89,51 доллар тұрады.

Ресми түрде Бірлескен жан-жақты әрекет жоспары (JCPOA) деп аталатын Иранның ядролық келісімін қалпына келтіру туралы келіссөздер бес айлық үзілістен кейін өткен аптада Венада қайта жалғасты.

Ал, 5 тамызда Brent маркалы мұнай 92,78 долларға дейін құлдырады, бұл – осы жылғы ақпаннан бергі ең төменгі баға. Бұған Англия банкінің төртінші тоқсанда Ұлыбритания экономикасы 15 айға созылатын рецессияға енетінін ескертуі себеп болды.

Бағаның төмендеуінің тағы бір белгісі – Қытайға шикі мұнай импортының азаюы болды, кеден мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш шілдеде өткен жылмен салыстырғанда 9,5% төмендеген.

Нарық АҚШ-тың мұнай жеткізу туралы апта сайынғы есебінің соңғы раундын күтіп отыр. Ең алдымен, Америка мұнай институтының есебі Нұр-Сұлтан уақытымен ертең сағат 2:30-да шығады.





Фото: www.reuters.com


Соңғы жаңалықтар