Иранды ШЫҰ мүшелігіне қабылдау мәселесі Самарқандтағы президенттер саммитінде қаралады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Иран Ислам Республикасына Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет мәртебесін беру мәселесі Самарқандта өтетін ШЫҰ елдері президенттерінің саммитінде қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасының төрағалық етуімен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биылғы қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық шеңберінде ұйым қызметінің түрлі бағыттарындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, оның халықаралық және өңірлік істердегі рөлі мен орнын арттыруды талқылады.

Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Үндістан сыртқы істер министрлері Самарқанд декларациясы саяси құжатының жобасын қарап, негізге алды, сондай-ақ ұйымның қазіргі қызметі бойынша бірқатар басқа шешімдерге қол қойды.

Бұдан бөлек, шараға қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Иран Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандумға қол қою туралы мәселені мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.

Министрлер ШЫҰ-ның Мысыр Араб Республикасымен, Сауд Арабиясы Корольдігімен және Катар Мемлекетімен диалог бойынша әріптес мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қойылуын құптады.

ШЫҰ елдері делегацияларының басшыларын Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады. Сұхбат барысында өңірдегі ахуал мен ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл жөніндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ ұйымның алдағы саммитіне дайындық барысы қозғалды.


Соңғы жаңалықтар