Иранда Наурыз мерекесі қалай тойланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады және өз елінде осынау мереке қалай тойланатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол Наурыз ирандықтардың көне заманнан келе жатқан дәстүрлерінің бірі екенін және әлемдегі ең дәл Жаңа жыл басы болып саналатынын атап өтті.

«Иран мәдениетіндегі Наурыз мерекесіне қатысты үш жайтты атап өту керек: біріншіден, әр ұлт өз мәдениетінде өмір сүреді және өз мәдениетімен танылады. Өзінің тұлғалығымен танылып, өмір сүретін кез келген адам сияқты мәдениет те халықтар үшін адамның тұлғалығы іспетті маңызды. Екіншіден, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр кез келген мәдениеттің маңызды бөлігі болып табылады. Ал үшіншісі, Наурыз – Иран мәдениетінің өте маңызды дәстүрі. Өз мәдениетімізді жақсы тану үшін Наурыз мерекесін назардан тыс қалдырамауымыз қажет», - деді дипломат елордада өткен «Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды: ізденіс, тұжырымдама, тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында.

Оның айтуынша, Наурыздың бірінші ерекшелігі – оның тарихы мен көнелігінде.

«Наурыздың бірнеше мың жылдық тарихы бар. Өткенге оралған сайын тарихымызда Наурыздың іздерін кездестіреміз. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Наурыздың екінші ерекшелігі – оның географиялық ауқымында. Ал үшінші қасиеті – шаттық мерекесі болуында. Қуаныш пен шаттық әлеуметтік құбылыс әрі белгілі бір тапқа, дінге немесе сенімге жатпайды. Бұл оның кеңірек таралауына себепші болады. Наурыз – үміттің, оптимизм мен жақсылықтың қайнар көзі, сондықтан оны барлық адамдар қабылдайды, құрметтейді», - деді Али Акбар Талеби Матин.

Сонымен бірге, Наурыздың астрономиялық аспектісі де ерекше маңызға ие.

«Негізінен ежелгі адамзат аспанмен тығыз байланыста болған. Олар көкпен үндестікте өмір сүрген, шоқжұлдыздармен тілдескен. Аспан ежелгі адамдар үшін бүгінгіден де маңызды болды. Планеталардың, айдың және күннің қозғалысы егін салу мен оны жинауға қолайлы уақытты анықтау үшін пайдаланылды. Үкіметтерге салық жинау үшін күнтізбелер қажет болды, сондықтан күнтізбелерді реттеуде ай мен күннің қозғалысын назарға алып отырды. Наурыздың мәдени сипаты бар тағы бір қыры – оның әртүрлі көне мифтермен байланысында. Мифтер ежелгі мәдениеттерден алынған. Миф – ежелгі адам санасындағы дүниетанымдық ойдың көрінісі», - деді спикер.

Али Акбар Талеби Матин Ирандағы жыл ауысуы мерекесіне қатысты әдет-ғұрыптарды айтып берді.

«Наурызға қатысты әдет-ғұрыптарға келсек, оған көрісу, үйді безендіру, «Хафт син» дастарханын жаю(«син» әрпінен басталатын 7 тағам қою), жаңа киім кию, құттықтау, сыйлық беру, татуласу, «Чаршанбе сури» дәстүрі бойынша жылдың соңғы сәрсенбісінде көшелерде от жағу, бір-біріне су шашу, тәтті беру, «Сиздах бедар» рәсімі бойынша жаңа жылдың он үшінші күні табиғатқа шығу, Наурыздың жаршысы саналатын «Хаджи Фируз» кейіпкері және тағы басқалары жатады. Бұл рәсімдер әр аймақта әртүрлі өткізіледі. Ирандық және ирандық емес этникалық топтардың әртүрлі болуына байланысты Наурыз мейрамының салттары мен әдет-ғұрыптары да өте көп», - деді ол.

Наурыздың кең ауқымды экономикалық әсері де бар және экономикалық өркендеуге себепші болады. Жеке және әлеуметтік психология тұрғысынан да үміт және бақытпен қатар жүреді.

«Иран Ислам Республикасында да Наурыз мейрамы құрметтеледі әрі осы елдің конституциясында жыл басы болып саналады. Наурыз – ирандық-исламдық мәдениеттің құнды болмысы мен ирандық этникалық топтар арасындағы бірліктің белгісі. Бұл мерекені түрлі тілде сөйлейтін барлық халықтар құрметтейді. Наурыз әлемде жаһандық ықпалға ие болып, Иранның және Наурыз өркениетіндегі елдердің қолдауымен ЮНЕСКО-да екі рет тіркелді», - деді Али Акбар Талеби Матин.


Соңғы жаңалықтар