Иранда билікке қарсы шеруге шыққандарға рақымшылық жасалмақ

Фото:
ТЕГРАН. ИРНА- ҚазАқпарат – Иранның жоғары көшбасшы аятолла Али Хаменеи сот билігінің мыңдаған айыпталушының үкімін жеңілдету немесе рақымшылық жасау туралы ұсынысына келісті. Олар елде таяуда болған оқиға барысында ұсталған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат IRNA-ға сілтеме жасап.

Бұл шешім Ислам революциясы жеңісінің 44 жылдығы мен Раджаб айы мерекесіне байланысты қабылданып отыр. Шетелмен байланысты болып, тыңшылықпен айналысқандар, адам өлтіргендер мен қасақана жарақаттағандар, мемлекеттік, әскери және қоғамдық нысандарды қиратып, өртегендерге рақымшылық жасалмайды немесе үкімі жеңілдемейді. «Анадолу» мәліметінше, рақымшылық жасалатындардың нақты саны сот органдарының бағалауынан кейін белгілі болады.

Айта кетсек, Иранда 17 қыркүйекте 22 жастағы Махсы Аминидің өлімінен кейін ауқымды наразылықтар болды. Бойжеткенді 13 қыркүйекте полиция «хиджабты дұрыс кимегені» үшін ұстаған және 16 қыркүйекте қайтыс болған.

Оған жауап ретінде Иранның ондаған қаласының тұрғындары көшеге шықты. Елде бірнеше айға созылған наразылық акциясы барысында 10 мыңнан астам адам ұсталды.

Оған қатысқан 1 мыңнан астам адам сотталды, төртеуі өлім жазасына кесілді. Норвегиядағы Иран адам құқықтары ұйымы (IHR) 9 қаңтарда жаппай наразылық акциясы кезінде 481 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Фото: ru.irna.ir


Соңғы жаңалықтар