Иран тарапы Ил-62М ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 16 адамның қаза тапқанын растады

None
None
АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Иранның Мешхед қаласындағы Ил-62М ұшағының апатқа ұшырауына ұшқыштың қателігі себеп болуы ықтимал.

Ирандық мамандардың бұл пікірін бүгін Астанада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, қонардың алдында жылдамдықты төмендету мақсатында ұшақ техникалық айналым жасаған. Алайда, бұған қарамастан ұшақ бекітілген нормадан асып түсетін жылдамдықпен қону жолағына түскен. Бір мезгілде қозғалтқыштардың реверстері қосылған, бірақ ол ұшақ жылдамдығының ыңғайлы тежелуіне көмектеспеді. Осыдан кейін ұшқыш биіктікті жоғарылатып, қайтадан ұшуға әрекет жасаған. Кейіннен ұшақ басқаруға келмей, нәтижесінде шассидің алдыңғы тағаны қақ бөлініп, ұшу-қону алаңының сыртына шығып кеткен.

І. Омаровтың айтуынша, Ил-62М ұшағының бортында 153 адам болған. Оның 33-і түрлі дене жарақаттарын алып, 16-сы қаза тапқан. Қаза тапқандардың ішінде Қазақстанның 5 азаматынан тұратын әуе кемесінің экипажы бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2009 жылғы  шілденің 24-де, Мешхед қаласының әуежайында жергілікті уақыт бойынша 18 сағатта (Астана уақытымен 21 сағатта) Тегран қаласынан келіп қонып жатқан Ил-62М әуе кемесінің шассиі жанғандықтан, ұшақ ұшу-қону алаңының шеңберінен шығып,  әуежайдың периметрлік қоршауымен соқтығысқан. Әуе кемесінің иесі - «Дета Эйр» қазақстандық авиакомпаниясы, 2008 жылғы қарашадан бастап «Aria Air» ирандық авиакомпаниясы жалға алу құқығында пайдаланған. Әуе кемесі 1989 жылы шығарылған.

Соңғы жаңалықтар