Иран мен ЕАЭО келісімі: Қазақстанның жүздеген тауарына экспорттық жеңілдіктер жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана экономикалық форумы аясында Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімге қол қойылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, аталған құжатқа қатысты келіссөздер екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде тараптар бірқатар тауарлар бойынша кедендік баж салығын 3 жылға дейін төмендетуге уағдаласты. Атап айтқанда, Иран 246 тауарға, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері 175 тауарға тариф жағынан жеңілдік жасайтын болады.
null

Мәселен, Қазақстанның 102 экспорттық тауары бойынша Иранда кедендік баж салығы төмендейді. Соның ішінде сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, бұршақ, жасымық, арпа, күріш, өсімдік майлары, макарондар, кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар және тағы басқа өнімдер бар. Өз кезегінде Иран мемлекеті ЕАЭО-ға пісте, құрма, інжір, мейіз, асшаян, апельсин, лимон, лайм, кондитерлік өнімдер, шырындардың кейбір түрлері, құрылыс бояулары, лактар, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары сияқты тауарларды 10 процентке дейінгі жеңілдікпен тасымалдай алады. Ал алма, қияр, томаттар сияқты ирандық өнімдерге тек маусымдық, нақты айтқанда, қараша мен наурыз аралығында ғана жеңілдіктер беріледі.Бүгінгі келісімге Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин қол қойды.

«Біз Иранның тауарларын жеткізуге қажетті логистиканы ұсынуға дайынбыз. Қазір Қазақстан, Түрікменстан мен Иранды байланыстыратын теміржол желісі бар. Бүгінде біз Түрікменстан мен Иранның шекарасындағы логистикаға өз капиталымызды салуды қарастырып жатырмыз. Сондықтан тауарларды жеткізу жағынан Қазақстан барлық жағдайларды жасайтын болады», - деп атап көрсетті А.Мамин.

Ал Арменияның вице-премьері Тигран Авинянның айтуынша, ендігі кезекте ЕАЭО мен Иран арасындағы келісімді әрбір мемлекеттің заң шығарушы органдары тездетіп бекітуі керек.

«Еркін экономикалық аймақтың арқасында шығындарды азайтып қана қоймай, өзара тиімді өндірістерді де ашуға болады. Мәселен, Иранның кәсіпкерлері өз шикізатын әкеліп, жаңа өнімді шығара алады. Олар үшін Еуразиялық экономикалық одаққа бюрократиялық кедергісіз кіруге мүмкіндік жасалып отыр. Негізі, дәл осы бастама Үнді мұxиты - Парсы шығанағы - Қара теңіз xалықаралық транзитінің ашылуына жол ашады. Меніңше, Вьетнаммен арадағы ынтымақтастық та күшейе түседі. Алдағы уақытта Үндістан және басқа да мемлекеттермен келісімдер жасалуы әбден мүмкін», - деп атап көрсетті Т.Авинян.

Соңғы жаңалықтар