Иран инвесторлары Жамбыл облысындағы минеральдық тыңайтқыштарға қызығушылық танытты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Жамбыл облысы әкімдігінде  Иран Ислам Республикасының Гилян провинциясындағы   жұмыс сапарының нәтижесі жайлы айтты, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл  сапар барысында  Гилян провинциясының губернаторы  Мұхаммад Али Наджафимен кездесіп, өңірлер арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда - экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға келісім жасаған болатын.

 

Басқосуда кәсіпкерлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.  Жамбыл облысы мен Гилян провинциясы арасындағы қол қойылған келісім мен меморандум  20 млрд теңгені құрап отыр.

Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі ирандық кәсіпкерлерді аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы хабардар етті. Ол Жамбыл облысының Иран Ислам Республикасымен тауар айналымы 2016 жылы 919 мың АҚШ долларын құрағандығын, 2015 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам өскенін атап өтті.

 

 Ал, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 802,5 мың АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 780,7 мың АҚШ долларын, импорт 21,8 мың АҚШдолларын құрады.
Негізі Жамбыл облысынан Иранға пияз, кептірілген жасымық пен бидай экспортталса, өңірге Ираннан құрма, құрылыста пайдаланатын заттар, резеңке бұйымдары, тоқыма материалдары, шыны ыдыстар, қара металдан әзірленген бұйымдар, радиаторлар, электр шамдар және басқа халық тұтынатын тауарлар импортталған.

«Бүгінгі күні бірнеше бірлескен жобалар іске асырылды»,-деді Кәрім Көкірекбаев. - Біздің аймақта жыл өткен сайын мал басы көбеюде. Ағымдағы жылы қой етін Иранға экспорттау жөнінде екі жақты келісім жасалды, алғашқы өнімдер де жеткізілді. Бүгінгі күні өңірде мақсарыны қайта өңдеу және оның майын өндіру бойынша «Қазирагро» серіктестігімен бірлескен құны 5,7 млн АҚШ долларын құрайтын жоба іске асырылды. Бұған қоса «Меркі ет» компаниясы Иранға жылына 3 мың тоннаға дейін ірі қара және ұсақ мүйізді малдың етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде.
Біз  ауыл шаруашылығы жеміс-жидек, балық өнімдері бойынша бірлескен жобюаларды жасақтауға әзірміз»,-деді жамбыл облысының әкімі.

Ирандық кәсіпкерлер өз кезегінде қызылша өсіру, дәрілік шөптерді дайындау, және өсімдік шырындарын шығару бойынша өз жобаларын жүзеге асыруға әзір екендіктерін жеткізді.



 «Казфосфат» ЖШС Бас директоры Мақаш Іскендіров химия саласындағы жамбылдық кәсіпорондардың жетістігі жайлы мәлім етті. Ирандық ауыл шаруашылығы сарапшылары  «Қазфосфат» зауытының минеральдық тыңайтқыштарын сатып алуға қызығушылық танытты.

Жұмыс сапарының қортындысы бойынша  Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Гилян провинциясының губернаторы Мұхаммад Али Наджафи  арасында ынтымақтастық жасау ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.  

Соңғы жаңалықтар