Иран бағында қазақтың әні мен күйі әуеледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақтың әні мен күй өнері соңғы жылдары шет мемлекеттерде жан-жақты насихаттала бастады. Әсіресе Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша шетелге қазақ мәдениетін танытуға үлкен маңыз берілгені белгілі. Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттайтын «Бабалар сазы» ансамблі осы үдеден шығып жүрген шығармашылық ұжымның бірі. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат мәдени үйінің өнер ұжымы жақында ғана Иран елінде қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерін, фольклорды танытып келген екен. Өнерпаз ұжыммен Алматыда жолығып, Ақсуат мәдениет үйінің директоры Көпшікбаева Шәкен Мәлікқызымен тілдесудің сәті түскен еді.

-   Шәкен Мәлікқызы, Иран елінде өткен Наурыз фестиваліне қатысу туралы ұсыныс қалай түсті?

- Жалпы Иранда шығыс халықтарына ортақ Наурыз мерекесіне ерекше мән береді. Жыл сайын әртүрлі халықтар арасында фестивальдар өткізіп, өнер мен рухани құндылық арқылы байланыс орнатып отырады. Биыл бізден бөлек Түрікменстан, Ауғанстан елдерінен халық өнерпаздары шақырылған екен. Шақырту түсіп, іріктеуден өткен соң Тарбағатай ауданының əкімі Оразбаев Ділдабек Тəжібайұлы қолдау көрсетіп жол қаражатымызды шешіп берді. Жалпы аудан əкімдігі Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда қазақтың дəстүрлі өнерін дамыту, тарихи орындарды, мəдени мұраларды қайта жаңғыртуда ауқымды жұмыс атқарып отырғанын да айта кеткім келеді. Біздің сапарымыз соның нақты көрінісі деуге болады. Иран Ислам Республикасындағы концерттік сапарымыз наурыздың 22-28 аралығында өтті.

Айта кетейін, фестивальға іріктеу барысында ұжымың аудио-видео материалдарын жібердік. Бізден басқа Қазақстаннан ондаған өнер ұжымы өз туындыларын жолдаған екен. Иран комиссиясының бірнеше талабы бар екен: олар өнерпаздар киімдерінің ашық-шашық болмауына, фонограмманың жоқтығына өте қатты мән береді. Сол себептен таңдау бізге түскен секілді. Өздеріңізге белгілі, ЮНЕСКО қасында мәдениет және дәстүр деген қауымдастық бар. Бұл қауымдастық халықтардың көне мәдениетін, өнерін зерттеумен, насихаттаумен айналысады. Иран радиосы арқылы хабар тараған соң аталған қауымдастықтан Бразилия қаласында өтетін фестивальге қатысу туралы бізге ұсыныс жасап отыр. Осылайша, егер жергілікті әкімдіктен, кәсіпкер азаматтардан қолдау көрсетіліп жатса, Бразилия жұртына қазақ өнерік танытып келу ойда бар.
null 

-      Иран сахнасында қазақтың қандай ән-күйі әуеледі? Жалпы бір апта ішінде қанша концерт бердіңіздер?

- «Бабалар сазы» этно-ансамблінің репертуарында Н.Тілендиевтің «Жекпе жек», Сүгірдің «Ыңғай төк», Дəулеткерейдің «Көроғлы»,  халық күйі «Бұлғын Сусар», А.Асхатұлының «Домбыра» деген шығармалары орындалды. Республикалық, халықаралық дəстүрлі əндер конкурсының лауреаты Еламан Құжымановтың орындауында Құдайбердінің желдірмесі, халық əні Жариям-ай-дай, Үкілі қыз, Үкілі Ыбырайдың Гəкку, Гаухартас, Сегіз сері, Ақбақайлары шырқалды. Тегерандағы Меллят, Шапақ атты мəдениет үйлерінде, Ғасыр мұражай бағында әрқайсысында бір сағаттан астам уақыт бойы  концерт бердік. Талғампаз ирандықтар жақсы қошемет көрсетті. Осылайша, Иран көрерменіне қазақтың төл аспаптары - домбыра, жетіген, қосішекті шертер, сазсырнай, қобыз, қылқобыз, соқпалы, үрлемелі аспаптарының әуенін таныстырдық. 
null 

-  Тарихымыз бен мәдениетімізде ұқсастық болғанымен, қазақтың өнері өзгеше ғой. Тегеран халқы қазақ музыкасын қалай қабылдады?

-   Жалпы кез-келген өнерді, соның ішінде ұлттық фольклорды ауыл халқы мен қала халқының қабылдауы әртүрлі болады. Соған қарамастан Тегеран көрермені қазақтың әуенін өте жақсы қабылдады. Біз көбіне орталықтарда, саябақтарда концерт қойдық. Сондықтан, аудиториямыз көбіне қала көрермені болды. Олардың қызығушылығы өте жоғары екенін сезіндік. Біздің сапарымызды жергілікті журналистер де көп жазды. Қарапайым ирандықтардың тарапынан қазақ музыкасы ғана емес, еліміз туралы көптеген сұрақтар қойылып жатты. Ежелгі сақ мәдениетінің Шілікті қорғанынан табылған алтын адам туралы да әңгіме айтылды. Тегеран əкімшілігі бізге Тегеран оркестрінің дирижері. белгілі музыкант Сабыр Жапариді бекіткен болатын. Сол кісінің үлкен жәрдемі де болды.
null 

- Ирандағы қандастарымызбен кездесудің, жолығудың сәті түсті ме?

- Иранның Қазақстандағы елшілігі жағынан бізге Ирандағы 36 мемлекетке хабар тарататын Иран Ислам Республикасының әлемдік Бас радио торабының дикторы Гаухар Омарханова көмектесті. ҚазҰУдің Шығыстану факультетін бітірген қаршадай қазақтың қызы, аудармашы, əрі ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, жүгіріп жүр. Гаухар Омарханова қазақ, парсы, орыс, түрік, ағылшын тілін меңгерген мықты тіл маманы екен. Бұрын елшілікте істеген. Иран радиосы біздің келгенімізді хабарлаған соң, сонда тұратын қазақтар концертімізге келе бастады. Ол жақта 6 мыңнан астам қазақ тұрады екен. Негізінен Горган қаласында тұрады. Сол жаққа қонаққа шақырды. Тіпті бір қандас бизнесмен бауырымыз, ұшақ ақысын өзім төлеп алып кетемін деп қолқалады. Иранда Адай руының қазақтары өте көп екен. Концертімізге Әбдулхамит, Нұғыман деген жігіттер отбасымен келді. Олардың ата-бабасы кезінде Маңғыстаудан 28-30 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, Түрікменстан арқылы Иранға өтіп кеткен екен. Қазір ұрпақтары мұнай саласында істейді. Ұлттық музыканы тыңдап Қазақстанға деген сағынышын басуға, Атамекенін еске алуға келіпті. Қолымыз қалт еткенде делегация болып Тегерандағы Иран-Ян музей бағы, Арт Пардис галареясы, 17-18 ғасырдағы Насреддин Шахтың түгел әйнекпен әшекейленген Милад мұнарасы, Иран Қолөнері музейін араладық.

Байқағаным - Иран өз тарихын қатты құрметтейтін ел екен. 9 ғасырдағы Кабуснаманы жазған Кабустің,13 ғасырдағы Илханидтер əулетінің «Сұлтан ие» мешіті,16 ғасырдағы Исфахан қаласындағы Махияр, Шелсутун мазары, Шыңғыс ханның соңғы жорығы кезіндегі мазар макеттері түгел қайта жасалып бақтарда тұр. Тегеран түгелімен гүлге оранған, гипаристері, пальма, не түрлі мəжнүн талдары жайқалған жасыл қала екен. Иран расында біз кітаптан оқыған «Иранның бағындай» деген теңеуге тұрарлық  ел екен
null 

 -    «Бабалар сазы» ансамблі туралы толығырақ мағлұмат берсеңіздер?

- «Бабалар сазы» Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне 2014 жылы құрылды. Ансамбль Шығыс Қазақстан облысында өткен түркі халықтарының «Алтай Түркі əлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестивалінде екі рет бас жүлдеге ие болды, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне «Ұлы дала қырандары» қозғалысы ұйымдастырған республикалық фольклорлық фестивалінде үздік атанды. Астанадағы Қазақ елі алаңында республикамыздың үздік филармониялары қатарында өнер көрсетті. 2017 жылы облыстық «Ғасырлар пернесі» түркі халықтарының музыкалық фестивалінде Бас жүлде иеленді.

-    Рахмет. Өнерлеріңіз өрге жүзсін!

null null null 

Соңғы жаңалықтар