17:20, 15 Қыркүйек 2019 | GMT +6
Иран әйелдердің футбол көруіне рұқсат етпек
МАХАБАД. ИРНА-ҚазАқпарат – Иран президентінің парламент мәселелері жөніндегі орынбасары Хосейн Әліи Әміри үкімет иран әйелдерінің футбол стадиондарына баруына рұқсат етілуіне жағдай жасап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.
Әміридің айтуынша, әйелдер стадионға баруы үшін әйелдерге ғана арналған орындықтар, кіріп-шығатын қақпалар, жүретін жолдар, әлеуметтік қызметтер секілді тиісті инфрақұрылым қалыптастырылады. Жастар және спорт министрінің бұйрығымен бұл реттегі жұмыстар елдегі негізгі стадиондарда жүргізілуде.
«Әйелдердің стадионға бару құқығын таптауға болмайды. Бұл бүкіл әлемде футболдағы белгілі құқықтардың бірі. Біздіңше, қоғамның тең жартысын құрайтын әйелдерді бұл құқықтан мақұрым ету дұрыс емес», - деді ол.
Жоспарға орай, 10 қазан күні ирандық әйелдер Азади стадионына барып, Иран құрамасының Камбоджамен ойынын тамашалай алады.
Айта кетейік, ирандық әйелдер былтыр да Иран-Боливия матчына барған. Сол ойында ирандықтар 2:1 есебінде жеңіске жеткен еді.