Иран 2021 жылы коронавирусқа қарсы вакцина шығаруды жоспарлап отыр

None
None
ТЕГЕРАН. ИРНА-ҚазАқпарат – Иранның кейбір инновациялық кәсіпорындары COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу үстінде. Ирандық 1399 жылдың соңына қарай (2021 жылдың 21 наурызы) оның бірі коронавирусқа қарсы вакцинаны шығара бастайды. Бұл туралы дүйсенбі күні Иранның денсаулық сақтау және медициналық білім министрлігінің технологияларды дамыту бөлімінің бас директоры Хоссейн Ватанпур мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, папиллома вирусы (АПВ) мен H1N1 қарсы вакциналар да биылғы жылдың соңына қарай қолжетімді болады. Ол Иранның дамыған елдермен қатар вакцина әзірлеп жатқанын атап өтті.

«Біздің бұл саладағы жетістіктеріміз халықаралық өнімдермен бәсекеге түсе алады», - деп қосты ол.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 12 маусымында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысында Қордай ауданының Гвардейский қала үлгісіндегі кентінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастап берді.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты және «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК коронавирусқа қарсы вакцина жасауды қолға алған болатын.

Қордайдағы институт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Өткен мамыр айының ортасында Қазақстан COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына ресми түрде қосылғаны және отандық ғалымдар әзірлеген вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өте бастағаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар