IPO: ҚазМұнайГаздың дивиденд төлеу мүмкіндіктері бағаланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – IPO-ға шыққаннан кейін, «ҚазМұнайГаз» компаниясы жылына кемінде 250 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр дивиденд төлеуге 200 млрд теңге бөлінді, бір акцияға шаққандағы төлем 327 теңгені құрады. IPO-ға шыққаннан кейін, «ҚазМұнайГаз» 3 жыл ішінде кемінде 200-250 миллиард теңге сомасында жыл сайынғы дивиденд бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне кемінде 70 доллар болуы тиіс», - деді «ҚазМұнайГаз» компаниясы қаржы департаментінің жетекші маманы Мақсат Байзатов елордада аталған компанияны IPO-ға шығаруға арналған жиында.

Оның айтуынша, компанияның дивидендтік саясаты акционерлердің, кредиторлардың және компанияның өзінің мүдделерін теңгерімдеуге, сондай-ақ оның акционерлеріне дивидендтер төлеу мөлшерін анықтаудың ашықтығына бағытталған. Сондықтан бір акцияға дивидендтер компанияның қаржылық жағдайына қарай төленеді.

Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу арқылы адамдар мұнай өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу сияқты қызметтер ұсынатын ірі компанияның үлескеріне айнала алады. Болашақ акционерлер компания табысынан дивиденд ретінде пайда көру құқығына ие болады.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының жалпы активтері 32 млрд долларды құрап отыр. Дивидендтер төлеу мүмкіндігі мұнай бағасына байланысты болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 7 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» компаниясының өзіне тиесілі үлесінің 5 пайызын IPO-ға шығаратынын ресми жариялады.

Бұл жолғы ІРО аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» тиесілі 30,5 млн акциясы сатылады.

Бір акцияның құны 8406 теңге деп белгіленген. ІРО келесі айға дейін жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, институционалдық инвесторлардан (заңды тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 30 қарашада аяқталады. Ал бөлшек инвесторлардан (жеке тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 2 желтоқсанда сағат 15.00-де аяқталады. «Самұрық- Қазына» қоры бүкіл өтінімдерді жинап, мақұлдағаннан кейін сатылған акциялар желтоқсанның бірінші онкүндігінде инвестордың шотына түседі.


Соңғы жаңалықтар