IPO-ға шыққан соң Air Astana акциялары қандай алаңдарда сатылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Air Astana IPO-ға шыққан жағдайда оның акцияларының жартысынан астамының иесі отандық резиденттер болуы керек. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Air Astana компаниясы IPO-ға шыққан жағдайда оның орналастырылған акцияларының 51 пайызы қазақстандық резиденттерде қалуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік холдинг осы алғышартты назарға алады. Яғни, акция сатып алушылары қазақстандық резиденттер (жеке және заңды тұлғалар) болуы керек. BAE Systems Air Astana акцияларын IPO-ға орналастыруда қандай да бір басымдыққа ие болғысы келеді. Біз олардың ұстанымын құрметтейміз және бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Ернар Жанәділ Astana Finance Days конференциясы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына.

Оның айтуынша, отандық қор биржасының мүмкіндігі көп.

«Өз тарапымыздан IPO-ға шыққанда акцияны халықаралық үш алаңға орналастыруды талап етеміз. Ол AIX және KASE және халықаралық, бұл жағдайда BAE Systems Лондон алаңын көздеп отырмыз», - дейді Самұрық Қазына компаниясының өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Air Astana келесі жылы IPO-ға шығады.

«Air Astana компаниясы IPO-ға өтуге дайын. Биыл жергілікті биржаларға IPO-ға шығуды ұсынамыз. Біз беделді инвестор таптық. IPO-ға шығу үшін акционерлерінің позициясына құлақ асуымыз керек. Қазір олар Air Astana халықаралық биржада және жергілікті биржаларда листингке шығуы керек дейді. Яғни, келіссөздер әлі де жүріп жатыр, біз олардың талаптарын талқылап жатырмыз. Алдын ала болжамға сәйкес Air Astana компаниясы IPO-ға 2024 жылы шығуды жоспарлап отыр», - деген еді Ернар Жанәділ.


Соңғы жаңалықтар