Иорданияда коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны қарқын алуда

None
None
АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияда халықты вакцинациялау процесі қарқын алуда, оны жүзеге асыру ұлттық бағдарлама түрінде қабылданған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны алу үшін иорданиялықтар Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сайтында онлайн тіркеуден өтеді. Елде қабылданған Ұлттық вакцинация бағдарламасына сәйкес, ең алдымен екпені халықтың ең осал топтары – егде жастағы адамдар, ілеспе аурулары бар адамдар, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының қызметкерлері алады.

Сонымен қатар, ақпан айының басында денсаулық сақтау органдары Sinopharm және Pfizer/BioNTech вакциналарының екінші партиясымен ел халқын вакцинациялауға кірісті. Сондай-ақ, сейсенбіде Иорданияның Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы шұғыл қолдану үшін AstraZeneca вакцинасын мақұлдады, бұл корольдікте қолдануға рұқсат етілген үшінші вакцина болды.

Министрліктің хабарлауынша, осы аптаның басында 45 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе алған. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі бас хатшысы Ваэль Хайаджне коронавирусқа қарсы вакцинаны алмайтын халықтың топтарын тізіп берді.

Оның қатарында жүкті және емізетін баласы бар әйелдер, сондай-ақ алдағы үш ай ішінде жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдер бар. Сондай-ақ, демікпеге әкелуі мүмкін ауыр түрдегі аллергиясы бар адамдар коронавирусқа қарсы екпе алмайды.

Автор: Әрсен Утешев


Соңғы жаңалықтар