Иордания әуе компаниялары Қазақстанның 11 әуежайына тұрақты ұшатын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иорданияның әуе компанияларының Қазақстанның 11 әуежайына тұрақты ұшуына мүмкіндік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қазақстандық делегация Иорданияның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізді.

«Иорданияның әуе компанияларына Қазақстанның 11 әуежайына (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей) 5-ші «әуе еркіндігін» пайдалану мүмкіндігімен рейстер санына шектеуді алып тастап, тұрақты ұшуына мүмкіндік берілді. Тараптар Иорданиядағы елшілікпен бірлесіп Қазақстаннан Амман және Акаба қалаларына тікелей рейс ашу мүмкіндігін қарастыруда», - деп атап өтті комитеттен.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілген «ашық аспан» режимі аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігімен бірлесіп жаңа халықаралық бағыттар ашу және жаңа шетелдік әуе компанияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар