Инвесторларға қолдау жоқ: Сапарбаев Кәсіпкерлік басқармасының жұмысын сынады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жұмыс істеуге ниетті кәсіпорындарға басқарма мен жауапты құрылымдар тарапынан қолдау жоқ. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңес өткізіп, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жұмысына қатысты сын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, кеңес барысында өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтау, ветеринарлық қауіпсіздік және идеологиялық жұмыстар барысы қаралды.

Б.Сапарбаев Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің баяндамасын ортасынан тоқтатуға мәжбүр болды.

«Маған басқа салалардағы шығындарымызды алмастыратын өнім түрлеріне талдау қажет. Пайдалы қазбалар бойынша зерделеу шараларын ұйымдастырып, оларды игеру үшін инвесторларды жедел тарту қажет. Көптеген кәсіпорындар жұмыс істеуге, өнім көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр, алайда басқарма мен басқа да жауапты құрылымдар тарапынан қолдау жоқ. Сіздің басты міндетіміз –индустрияны, кәсіпкерлікті дамыту мәселелерімен айналысу.

Дағдарыс – бұл жаңа мүмкіндіктер уақыты, оны пайдаланбау ақымақтық болар еді. Өндіріс пен тұтыну арасындағы балансты жүзеге асыру жолдарын іздеу, өндірістік күштерді орналастыру схемасын құру қажет. Экономикада жеңіл, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жолдарын ойластыру керек», - деді аймақ басшысы.

Атап өтілгендей, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін конкурстарды негізінен жергілікті кәсіпорындар ұтуда. Бұл тек экономика үшін ғана емес, әлеуметтік сала үшін де оң әсер етіп отыр. Салық жергілікті бюджетке түседі, ал жаңа жұмыс орындарында жергілікті тұрғындар еңбек ете бастайды.

«Тек бюджетке ғана қарап отыруға болмайды, басқа да қаржыландыру көздерін белсенді түрде іздестіру керек. Демеушілермен жұмыс істеу, тікелей инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Аудан әкімдері шаруа қожалықтарының минералдық тыңайтқыштарын сатып алуы, өндірілетін асфальттың, басқа да құрылыс материалдарының сапасын бақылауда ұстауы қажет. Барлық жағдай жасалған, ақша аударылды, тек жұмыс істеңіздер. Мен салынып жатқан нысандардың сапасын жеке өзім тексеретін боламын.

Бос жиналыстардың санын қысқартып, кәсіпорындарға жиі бару керек. Жауапты тұлғалар тарапынан берілген тапсырмалардың іске асырылуына талдау мен бақылау аз», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасап, ұн, макарон, жұмыртқа және сары май өндірісін екі есеге ұлғайту үшін жергілікті ресурстар жеткілікті екендігін атап өтті. Бір ай ішінде қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетіне мониторинг жүргізіліп, азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтыну арасындағы балансты сақтау жөнінде ұсыныстар әзірленбек.

Өңір басшысы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйіне зерделеу жүргізудің маңыздылығына тоқталып, қажет болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа құрылыс салу керектігіне көңіл бөлді. Бұл жұмыстарға тарту үшін бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Аудан әкімдері тиісті жер телімдерін барынша қысқа мерзімде бөлуді қарастырғаны абзал.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тамақ өнеркәсібі 47,4 пайыз, химия өнеркәсібі 8,8 пайызға төмендеген. Бірінші жағдайдағы құлдырау көрсеткіші қант зауыттарын тоқтайына байланысты орын алған.

Баяндамашы жоғарыда аталған салалардағы шығындардың орнын толықтыра алатын өнімдердің тізбесі мен көлемін тілге тиек етіп, соның ішінде құрылыс, құрылыс материалдары мен металдар өндірісіне назар аудартты.


Соңғы жаңалықтар