Инвесторлар үшін Қазақстан кен орындарының интерактивті картасы жасалып жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолда бар геологиялық мәліметтерге жаңа технологиялардың көмегімен қайта талдау жасамақшы. Министр Серікқали Брекешев ҚР Президенті Телерадиокешінінің «Үш сұрақ» бағдарламасына берген сұхбатында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геологиялық мәліметтердің ашықтығы мен қолжетімдігі туралы айтсақ, бұл жұмысты енді Цифрлық даму министрлігімен бірлескен жоба аясында жалғастырамыз. Бірыңғай платформаның атауы болады. Ол жүйенің негізін біздегі геологиялық мәліметтер алынады. Әрі қарай оған Индустрия, Энергетика министрліктерінің ақпараттық жүйелері сияқты жер қойнауымен байланысты ресурстар қосылады», - деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ ол «QazNedra» жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

«Мұның арқасында біз толығымен автоматтандырылған процестерге қол жеткіземіз. Мысалы, жер қойнауын игерушінің қандайда бір жер теліміне немесе пайдалы қазба түріне назары ауса, интерактивті картаға кіріп, жердің географиялық сипаты бойынша немесе пайдалы қазбалар каталогы бойынша іздеу жүргізеді. Мыс кен орындарын іздеді дейік. Картадан қандай кен орны бос екенін, қандай орын игеріліп жатқанын көре алады. Телім бос болса, интерактивті картадан қажетті геологиялық мәліметтің бәрін алып шыға алады. Егер барлау жобасын қолға алса, кезекке тұру тәртібі арқылы өтініш береді. Ал кенішті игеру лицензиясын алғысы келсе, аукционға қатысады», - деді ведомство басшысы.

Сұхбат барысында Серікқали Брекешев аталған интерактивті карта шетелдік инвесторларға да қолжетімді болатынын атап өтті. Кез келген әлеуетті инвестор әлемнің кез келген нүктесінде отырып-ақ, Қазақстандағы игерілмеген кен орындары туралы мәліметті оқып, таныса алатын көрінеді.

«Инвестиция тарту үшін, жалпы инвесторларға кешенді қолдау көрсету үшін біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық геология қызметін құрдық. Көпфункционалды геоақпараттық сервис базасына заманауи бағдарламалар сатып алынады. Ол бағдарламалардың көмегімен бүгінге дейін жинақталған геологиялық-физикалық мәліметтерге жаңаша талдау жасап, қайтадан тәпсірлеуге болар еді. Қазір қолымызда бар мәліметтердің өзін талдаудың арқасында ғана 100-ге тарта келешегі бар телімді игеруге ұсына аламыз деп ойлаймын», - деді министр.

С.Брекешев «Үш сұрақ» бағдарламасында, сондай-ақ киіктер санын реттеу, ауыл шаруашылығы техникасына берілетін утильдік жеңілдік сертификатының мерзімін ұзартуға қатысты сұрақтарға жауап берді.


Видеодан алынған кадр





Соңғы жаңалықтар