Инвесторлар Ақтөбе облысында 2,7 трлн теңгенің жобаларын іске асырмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада өтіп жатқан «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестиция форумы аясында шетелдік инвесторлармен бірнеше меморандум жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық экономикалық трансформация дәуірінде сенімді әріптес болу маңызды. Ақтөбе облысы серіктес ретінде отандық және халықаралық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Біз «ашық есік» саясатын ұстанамыз. Инвесторлар алдындағы міндеттерді толық орындауға дайынбыз. Біздің облыстың әлемдік қаржы орталықтарына, мысалы, Ыстанбұл арқылы Еуропа елдеріне, Дубай арқылы Парсы шығанағы мен алыс шет елдерге, Ташкент арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуына логистикалық мүмкіндігі бар», - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестиция форумында.

Форум аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG компаниясы бастаған (Германия, Литва, Түркияның инвестор компаниялары) ірі инвесторлар арасында сомасы 2,7 трлн теңгені құрайтын 8 меморандум жасалды.

Жобалардың қатарында мұнай-химия кешені, қант зауыты, теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт, рельс дәнекерлеу кәсіпорны, медициналық жабдықтар шығаратын зауыт, қуаты 153 МВт-қа дейінгі Хромтау-1 жел электр станциясы, тұрып қалған және хромы бар шламдарды қайта өңдеу фабрикасы және тағы басқа нысандар салу қарастырылған.

«Ақтөбе облысы инвесторлармен тиімді жобаларды бірлесіп іске асыруға әрқашан дайын. Сондай-ақ бүгінгі форум барысында келісілген уағдаластық пен қол қойылған меморандумдардың орындалу барысы жеке бақылауымда болады», - дейді өңір басшысы.

Оның айтуынша, Ақтөбе тоғыз жолдың торабында орналасқан. Әуе, теміржол және автожолдарды кеңінен қолдану мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі облыс аумағынан өтеді.

«Ақтөбе қаласында барлық қажетті инфрақұрылым бар. Индустриялық аймақ ретінде толықтай жұмыс істей аламыз. Инвестициялық келісімшарт шеңберінде шетелдік жұмыс күшін квотадан тыс әкелуге рұқсат. Одан бөлек, гранттар, құрылыс-монтаждау жұмысы шығындарын ішінара өтеу (30% - ға дейін), жер, корпоративтік табыс және мүлік салығынан босату мүмкіндіктері қарастырылған. Сол сияқты Ақтөбе өңірі бірегей минералды-шикізат базасы. Бізде инвестия құю үшін құрылыс материалдарынан бастап, тау-кен шикізатына дейін 170-ке жуық кәсіпорын шоғырланған. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар базасында шағын және орта бизнесті ілгерілете түсу жұмысы жүріп жатыр. Аталған шара бизнестің дамуы мен халық табысының арта түсуіне септігін тигізеді», - деді Е. Тоғжанов.

Бұған дейін облыс әкімі Ақтөбеде «А» класты көлік-логистика орталығы салынатыны туралы хабарлаған еді.

Ералы Тоғжанов келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда аймақ экономикасына 6 млрд АҚШ долларынан астам қаражат тартылды. Оның 25% тікелей шетелдік инвестиция.

Айта кетейік, елордада «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестиция форум өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар