«Инвестмент-18» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың сотталу мерзімі ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соттың шешімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, кінәлілер 7 жылға дейін қаражат тарту, жинау қызметімен айналыса алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі үкімімен А және Т қаржы пирамидасын құрғаны үшін 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Сондай-ақ, олар 7 жылға дейін қаражат тарту, жинау қызметімен айналысу құқығынан айырылды (ҚК 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша)», - делінген соттың хабарламасында.

Ресми ақпаратта айтылғандай, А және Т қаржы пирамидасын құру айыбы бойынша кінәлі деп танылды. Олар қаржы тартуды «WhatsApp» чаттары арқылы ұйымдастырып, салдарынан 35-тен астам адам жәбір шеккен. Сонымен қатар, қатысушылардың біріне ірі көлемде материалдық залал келтірілген.

«Апелляциялық саты соттың бірінші сатыда ҚК-нің 55-бабын дұрыс қолданбауына байланысты айыптылардың бас бостандығынан айыру жазасын 6 жыл 8 айға дейін ұзартты. ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағының санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - дейді ведомстводан.

Демек, ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігі ережелерін ескере отырып, кінәлі адамның жазасы (жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде) санкцияда көзделген жазадан төмен болмауы тиіс.

Осылайша, апелляциялық саты үкімді қайта ретке келтірді.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Еске сала кетсек, қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді.


Соңғы жаңалықтар