Инвестициялық жиын, логистика орталығы, JD.com алаңындағы Қазақстанның ұлттық павильоны - Президент сапарының екінші күні қалай өтті

Фото: Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 17 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған еді. Сапар аясында бүгін Президент Сиань қаласында өткен қазақ-қытай инвестициялық жиынына қатысып, бірқатар компания басшыларымен кездесті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша 7 құжатқа қол қойылды. Толығырақ ҚазАқпараттың шолу материалында.

Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы

Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның дерегінше, былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке, яғни 31 миллиард долларға жеткен. Президент Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіретінін жеткізді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асқан. Ол жиында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін негізгі 7 бағытты атап өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент өз сөзінде екі ел арасында мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі екендігін атап өтті. Ол сондай-ақ мұнай экспортын көбейту үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Қолданыстағы құбырлардың (яғни, «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл») мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру да өзекті мәселе. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналады», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын тілге тиек етіп, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға дейін 15%-ға жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеді. Cондай-ақ ол мемлекет бұл салаға инвестиция салуға жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

Фото: freepik.com


«Мысалы, біз электр қуатын 20 жылға дейін аукциондық тарифпен сатып алуға кепілдік береміз. Бұл тариф жыл сайын инфляцияны және валюта бағамының өзгерісін ескере отырып белгіленеді. Қытайлық әріптестерімізді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жиында құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

«Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударып, онлайн сауданы дамыту аса маңызды екенін атап өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды.», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, ол «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданғанын атап өтті.

«Отандық кәсіпорындар алюминий, мыс пен мырышты арзан бағамен сатып алады (Лондон металл биржасындағы бағалардан 5 пайызға арзан). Бұдан бөлек, ішкі нарықтың сұранысын толық өтеу үшін осы металдардың экспортын ретке келтіру жоспарда бар», – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз сирек кездесетін металдардың мол қорына ие екенін айтып, осындай кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге мүдделі екенімізді жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Жуырда Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Сондай-ақ соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артты. Сонымен қатар Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы сөз соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді.


Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

Сиань қаласында Қазақстанның логистика орталығының іргетасы қаланды

Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Президент салтанатты рәсімге қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынған. Бүгінгі іс-шара Қытай Төрағасының сол бастамасымен толық үндеседі. Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Сол себепті Қазақстан жаһандық жобаға барынша қолдау көрсетті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты», – деді ол.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы өз сөзінде aлыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылданғанын мәлімдеді.

«Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр.

Президент JD.com алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын ашты

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашты. Ол өз сөзінде бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын атап өтті.

«Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз», – деді Президент.

Фото: t.me/aqorda_resmi

JD.сom (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD.com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы бірқатар компания басшыларымен кездесті

Бүгін Мемлекет басшысы China Nonferrous Metal Mining (CNPC) компаниясының төрағасы Чжан Цзиньцзюньді қабылдады. Кездесу барысында тау-кен металлургиясы және шикізатты терең өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президентке CNPC компаниясының Қазақстан тарапымен өзара іс-әрекеттерді нығайту жөніндегі жоспары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндіктерін күшейту және басқа да мәселелер қарастырылып жатыр.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Cонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен кездесті. Әңгімелесу барысында Азия инфррақұрылымдық инвестициялар банкінің Қазақстандағы қызметін дамытуға қатысты алдағы жоспары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев банкпен арадағы ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, 2015 жылы еліміз Қытайдың осы банкті құру жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдағанын айтты. Осы уақыт аралығында АИИБ Қазақстанда жасыл энергетика саласы мен пандемия салдарымен күреске қатысты жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьді де қабылдады. Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы жобаларына белсенді түрде инвестиция құяды.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Президентке State Power Investment Corporation компаниясының Қазақстанда жел электр станцияларына арналған құрал-жабдық өндірісін іске қосу ниеті туралы мәлімет берілді. Өз кезегінде Цянь Чжиминь әлеуметтік жауапкершілік аясында оның компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 ГКаллға дейін жететін жылу станциясын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде State Power Investment Corporation компаниясының технологиялық және ғылыми-зерттеу тәжірибесі мол екені ескеріліп, «жасыл» сутегі өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаевқа CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсинмен кездесуінде компания энергетика және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қазақстандық әріптестерімен бес коммерциялық құжатқа қол қойғаны туралы мәлімет берілді. Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 миллиард доллардан асады.

Фото: t.me/aqorda_resmi


Мемлекет басшысы Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуанмен жолықты. Кездесу барысында Президентке телекоммуникация саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірінің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қатысты алдағы жоспары таныстырылды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Huawei» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол желісін цифрландыру және жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспары туралы мәлімет берілді. Лян Хуа «Huawei» компаниясы кең жолақты қолжетімді интернетті дамытуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптасуына қатысты зерттеулерді қаржыландырғанын айтты.

Мемлекет басшысы «Huawei» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының базасында IT-технология саласы бойынша білікті қазақстандық мамандарды даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруды құптады.

China Nonferrous Metal Mining компаниясының бас директоры Чжан Цзиньцзюньмен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытайлық компанияның KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспары туралы мәлімет берілді.

Ал Қытайдағы ең ірі жеке медиа және инвестициялық конгломераттардың бірі Sun Seven Stars Investment Group компаниясының басқарма төрағасы У Чжэнмен кездесу барысында қаржы, цифрландыру және онлайн-сауда салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды.

Ертең «Орталық Азия – Қытай» саммиті

Фото: t.me/aqorda_resmi

Сиань қаласындағы Тан династиясының Лотос саябағында «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысушы мемлекеттер басшыларын ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Ал «Орталық Азия – Қытай» саммитінің негізгі іс-шаралары ертеңге жоспарланған. Бұл іс-шараға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары қатысады. Саммитке қатысушылардың құрметіне Лотос саябағында театрландырылған қойылым көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар