Инвестициялық дауларды шешу бойынша мамандандырылған соттар енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялық дауларды шешу бойынша мамандандырылған соттар енгізіледі. Бұл туралы бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот билігі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ұлболсын Сүлейменова мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, комитет отырысында Азаматтық процестік кодекс жобасы талқыланған болатын.

«Кодекс жобасы аясында инвестициялық дауларды шешу бойынша мамандандырылған инвестициялық сот құру көзделеді. Бұл ретте Жоғарғы соттағы ондай алқада ірі инвесторлардың қатысуымен болған даулар қарастырылатын болады. Ал Астана қаласындағы мамандандырылған сотта басқа да инвестициялық даулар қаралады. Бұндай соттар негізінен инвесторлардың қазақстандық әділсот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру және еліміздегі инвестициялық климатты жақсарту мақсатында жүзеге асады», - деді Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова.

Бұдан бөлек, жаңа кодекс нормаларына сәйкес, соттарды қағазбастылықтан арылтып, сот үдерісін оңайлатып әрі шапшаңдататын жаңа технологиялар да қолданыла бастайды. Жоғарғы сот судьясының айтуынша, мұндай технологиялар әзірдің өзінде де іс жүзінде қолданылуда. Мәселен, айғақтар ұсыну, дәлелдерді зерттеу, куәгерлерді сұрау процестерінде оны бейнебайланыс арқылы жүзеге асыру жолдары қарастырылған.

«Сонымен қатар қазір барлық сот актілері, хабарламалар электрондық пошта арқылы жолданып келеді. Әрине, процестік қолбайлаушылықтар белгілі бір жерлерде баршылық, дегенмен оның алдын алудамыз. Қазір барлық соттар тиісті электрондық технологиямен жабдықталған», - деді Ұ.Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар