Инвестициялық бағдарламаны орындамаған «Көкшетау су арнасына» айыппұл салынды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласында инвестициялық бағдарламаларды орындамаған «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы бойынша табиғи монополиялар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабы 2-тармағының 17-тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей, уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді, өзге мемлекеттік органға не мемлекеттік органға ұсынуға, сондай-ақ табиғи монополия субъектісі сонымен қатар бекітілген тарифтік сметаны орындауға, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға міндетті.

Алайда, осы талаптарды бұза отырып, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны 2021 жылға арналған тарифтік сметада қарастырылған шығындардың белгілі бір баптарын, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаған.

«Осыған байланысты, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша айыппұл салу арқылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Субъект қысқартылған тәртіпте 7 351 200 теңге мөлшерінде айыппұл төледі», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында кәсіпкерге 5 млн теңгедей заңсыз айыппұл салмақ болған шенеуніктер жазаланған еді.


Соңғы жаңалықтар