«Инвестицияларды тарифке айырбастау» саясатына көшу жол картасы әзірленді - Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Инвестицияларды тарифке айырбастау» тарифтік саясатына көшу жол картасы әзірленді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының электр станциялары мен электр-жылу және сумен жабдықтау желілеріндегі жабдықтардың тозуын азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет 2023 жылдан бастап «Инвестицияларды тарифке айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшуді қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірледі», - деді Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысының атап өтуінше, осы бағдарлама ауқымында станция иелерінің өз қаражатын инвестициялау жөніндегі қарсы міндеттемелерімен қатар, тек генерация секторына жыл сайынғы инвестициялар көлемін орта есеппен 400 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған.

«Қаражат негізгі жабдықты реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталатын болады, бұл жылу және электр генерациялайтын қуаттардың тозу көрсеткіштерін кемінде 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан әрі жұмыс Жол картасы аясында жүзеге асырылады», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар