Инвестициялар министрлігінің басқарма басшысы 8 жылға сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Antikor News жобасының тікелей эфирінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бұрын аяқталған істер бойынша сот үкімдері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрын аяқталған қылмыстық істері бойынша 11 тұлғаға қатысты 11 айыптау үкімі шықты, олардың 5 – і әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сонымен қатар, лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша 4 тұлға, алаяқтық фактісі бойынша 2 тұлға сотталды» - дейді Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

Оның айтуынша, 2 тұлға бас бостандығынан айырылса, 3 тұлғаның бас бостандығына шектеу қойылды, 6-ына еселенген айыппұлдар салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 30,4 млн теңгені құрады.

«2020 жылғы 27 тамызда «Байқоңыр» ауданының №2 сотының үкімімен пара алудың 6 эпизоды бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және инновациялық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы А.А. Ли сотталып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Онымен бірге әртүрлі сомадағы айыппұлға пара берушілер мен делдал сотталды. Ол техникалық қадағалау және тексеру бойынша аккредиттеу туралы куәлік алуға көмек көрсеткені үшін құрылыс саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінен жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді», - дейді ол.

Алынған параның жалпы сомасы 6 млн 180 мың теңгені құраған. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту және заңсыз берілген барлық куәліктерді қайтарып алу жөніндегі ұсынысы қаралатын болады.


Соңғы жаңалықтар