Инвестициялар бойынша жауапты шешімдерді Үйлестіру кеңесі қабылдайтын болады - Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда инвестицияларды тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз ету - инвестицияларды тартумен байланысты. Бұл мәселеде әлемдік деңгейде ғана емес, біздің аймақта да айтарлықтай бәсекелестік бар. Осыған орай іскерлік орта мен бизнес ахуалды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеуіміз керек. Елбасы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша міндет қойды. Осы міндетті іске асыру үшін орта мерзімдік кезеңде негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін - ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін арттыру керек. Осы мақсатқа жету үшін экономиканың тұрақты дамуына қажетті тікелей шетелдік инвестицияларды тарту аса маңызды міндет. Осы ретте, тікелей шетелдік инвестициялар еліміздің дамуының негізгі драйвері болып табылады», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы еліміздің экономикасына шетелдік инвестицияларды жаңа серпінмен тарту бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті

«Бүгін инвестицияларды тарту бойныша жаңа тәсілдер ұсынылды. Олардың енгізілуі бойынша нақты шешімдер қабылданған. Бұл ретте, біріншіден, инвестицияларды тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Кеңестің бірінші отырысын мамыр айында өткіземіз. Жалпы Үйлестіру кеңесінің отырысы келесі айдан бастап жүйелі түрде жүргізілетін болады. Екіншіден, АХҚО алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізетін бірыңғай экожүйе құрылады. Жүйеге барлық даму институттары кіріп, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс атқарады. АХҚО аймақтық инвестицияларды дамыту орталығына айналу керек. Үшіншіден, өңірлер инвестицияларды тарту бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Инвестициялық жобалар барлық өңірлерде жүзеге асырылады. Осы ретте, әкімдіктер инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізуі керек», - деді А.Мамин.

Министрлер кабинетінің басшысы шетелдік инвестицияларды тарту - еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз болатынын атап өтті.

«Міндеттер мен тапсырмалар айқындалды. Енді осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуі керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен елімізде Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар