Инвестиция тарту жұмыстарын қағазбен емес, іспен жүргізу керек – Оңдасын Оразалин

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 8 айда Ақтөбе өңіріне 316,3 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Ақтөбе өңіріне сапары кезінде инвестиция тарту жұмыстарына мұқият болуды тапсырды. Осыған орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин кәсіпорын басшылары, инвестициялық жоба бастамашыларымен кездесті. Жиын кезінде өңір басшысының орынбасары Қайрат Бекенов инвестициялық жобалар жайлы баяндады. Осы жылдың сегіз айында өңір инвестициясының өсімі 107,3% құрап, яғни, 316,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 170 млрд теңгесі жаңадан іске қосылған жобаларға тиесілі. Көрсеткіш республика бойынша 42% құрайды. Оңдасын Оразалин осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 600 млрд теңгеге, келесі жылы 800 миллиардқа, 2024 жылға қарай 1 трлн 600 миллиардқа жеткізуді тапсырды.

«Өңірге отандық және шет аймақтан қандай инвесторлар келмек, қанша жұмыс орнын ашу көзделіп отыр? Біздің алдымызда экономикалық потенциалды арттыру, облыс бюджетін жаңа салық көздерімен толықтыру мақсаты тұр. Инвестиция тарту жұмыстары қағазбен емес, іспен жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі О.Оразалин.
Кейін түрлі бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға атқарушы орган тарапынан қолдау көрсету, қажетті көмек беру жұмыстарын білу мақсатында кәсіпкерлердің ой-пікірін тыңдады. Кәсіпорындардың кейбірі жер көлемін кеңейту, су, жарық мәселелеріне қатысты проблемаларға тап болып отырғандығын айтты. Тіпті сот орындаушыларының жұмысына көңілдері толмайды. Облыс әкімі көтерілген жайттарға қатысты орынбасары Қайрат Бекеновке мән-жайды анықтап, мәселенің шешілуіне заң аясында ықпал жасауды тапсырды.




Соңғы жаңалықтар