Инвестиция тарту жоспарын орындамаған мемлекеттік қызметшілерге қандай шара қолданылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров инвестиция тарту саласында нысаналы индикаторды орындай алмаған өңірлердегі жауапты қызметшілер қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынуы керек. Осы индиктор аясында салалар мен өңірлердің үлесі ескерілген. Биылғы төрт айдағы жоспар бойынша тиісті көрсеткіш кейбір өңірлерде орындалса, Ұлытау өңірінде 52 пайыз деңгейінде ғана атқарылған. 60%-ға дейінгі көрсеткішке жеткізе алмаған өңірлер «қызыл аймақта» (жоғары тәуекел дәрежесі) тұрады», - деп жауап берді Әлібек Қуантыров Сенатта инвестиция саласында соңғы орындардан көрінген өңір әкімдеріне қатысты қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұраған тілшілерге.

Оның айтуынша, белгіленген жоспарды орындай алмаған тиісті қызметшілер жауапқа тартылады.

«Олар бұл жұмысты жылдың соңына дейін күшейтуі керек. Негізінен объективті себептер бар. Өйткені, кейбір өңірлерде инвестицияның басым бөлігі екінші жартыжылдықтан бастап тартылуы мүмкін. Бұл жұмыстар құрылысқа қатысты болуы ықтимал. Ұлытаудың климаттық ерекшелігіне қарасақ, бұл өңірде қыста инвестиция салу қиын болады. Сондықтан, тиісті жұмыстар жыл соңына дейін орындалады, яғни олар бұл саладағы жағдайды түзетуі керек. Егер тиісті көрсеткішті орындай алмаса, жауапты қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылады», - деді министр.

Айта кетейік, 27 мамырда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізген болатын. Онда негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысы қаралған еді.

Премьер-Министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені негізгі капиталға инвестициялар бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.

«Ұлытау және Жамбыл облыстары былтыр да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар