Инвестиция сапасына көңіл аудару қажет - Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов инвестиция тарту бойынша жаңа міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы мен Президент берген барлық тапсырмаларды ескере отырып, өзіміздің іс-қимыл жоспарымызды қайта қарап, Үкіметтің 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдауымыз керек. 2020 жылы экономиканың 4,7-5 пайыз деңгейінде сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін біз негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ЖІӨ 20 пайызы деңгейінде қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, кемінде 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуға тиіспіз», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ә. Смайылов бұған дейін инвестициялық жобалар пулы анықталғанын еске салды. Онда 44 трлн теңге болатын 2033 жоба бар. Барлық әкімдер мен салалық министрлер олардың өсімін тұрақты бақылауы тиіс.

«Бұл ретте тартылатын инвестициялардың сапасына көңіл аудару қажет. Ұлттық экономика министрлігі ай сайын осы мәселеге мониторинг жүргізіп, тоқсан сайын Үкімет отырысына шығаратын болады. 2020 жылы шикізаттық емес экспорт көлемін 3 млрд долларға ұлғайту және 18,6 млрд долларға дейін жеткізу қажет. Ол үшін Сауда және интеграция министрлігі меморгандармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, әр өңірдегі проблемаларды талдап, мемлекеттік қолдау шараларын өзектендіруі қажет. Және осыны 2025 жылға дейінгі сауда саясаты бағдарламасын дайындауда ескертуі қажет. Бұл жұмысқа Қазақстанның шетелдегі елшіліктері белсенді түрде тартылуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар