Интерполда жаңа президент сайланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркияда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының Бас Ассамблеясы – Интерполдың 89-шы сессиясы өтіп жатыр, алқалы жиынға қазақстандық делегацияны Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастап барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ассамблеяның соңғы күні осы ұйымның Атқарушы комитетіне басшы лауазымдарға сайлау өтті. Интерполдың жаңа президенті болып көпшіліктің дауысымен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Ахмад Насер Әл-Рейси сайланды. Сонымен қатар, делегациялар өкілдерінің жалпы дауыс беруі арқылы Микронезия Федеративтік Штаттары Интерполдың жаңа 195-ші мүшесі болды.


Сессияның қорытынды күнінде ұйымның ағымдағы және келесі екі жылға арналған қаржы бюджеті қаралып, жұмыстың жаңа әдістері, оның қызметінің негізгі бағдарламалары және қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы күрестегі өзара іс-қимылдың өзге де өзекті мәселелері талқыланды. Ерлан Тұрғымбаев Интерполдың жаңадан сайланған президенті Ахмад Насер Әл-Рейсимен екіжақты кездесу барысында ынтымақтастық, оның ішінде трансұлттық қылмысқа, заңсыз көші-қонға, адам саудасына қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді ұстау, киберқауіпсіздік, ақпарат алмасу және басқа да мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, Ахмад Насер Әл-Рейси Қазақстанның Ішкі істер министрін келесі жылдың ақпан айында БАӘ-де өтетін жыл сайынғы полиция көрмесіне шақырды. Көрме полиция қызметінде қоғам қауіпсіздігіне арналған жаңа жабдықтарды, технологиялар мен материалдарды көрсетуге, азаматтарды қорғау және оларға көмектесу, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру салаларына арналады.


Соңғы жаңалықтар