Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 378.17 EUR 429.11
RUB 5.88 CNY 56.48
Jańalyqtar

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу

2019 жылғы 16 наурыз 15:01 1072
Бөлісіңіз:
Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Роботты хирургияны медицинаның болашағы ретінде айта аламыз ба? - The New York Times

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

Дәстүрлі операцияларға қарағанда роботты хирургияның мүмкіндіктері расымен мол ма? The New York Times басылымының авторы осы сұраққа жауап іздеп көріпті.

«Жоғары технологиялы хирургия дәстүрлі операциядан жақсы деп кесіп айту қиын. Тіпті, кейбір емделушілер үшін бұл қауіпті болуы да мүмкін», деп жазады автор.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда роботты технология әсіресе рак операцияларында жиі қолданылып жүр.

«Дегенмен, уақыт өте келе дәрігерлердің технологияны үйренуі мен дәстүрлі әдістердің емделуші үшін пайдасы туралы жиі айтылуда. Енді мамандар роботтар жасаған операциялардың нәтижесі дәстүрлі емнен де жақсы деп айтудың қисынсыз екенін жарыса жазып жатыр. Дәрігерлер роботты хирургияның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы көп зерттеуі керек», деп жазады автор.

Мақалада роботты жүйелердің медицина нарығына енгеніне он бес жыл толғаны айтылған. Ал операция барысында роботтың қолын компьютер басқарып отырады.

Ғалымдар адам генін өзгертуге мораторий жариялауды сұрады - Nature

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

Үш ай бұрын, нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың 26 қарашасында генетикалық модификацияға ұшыраған, яғни, гені өзгертілген егіздер дүниеге келген еді. Лулу мен Нана атты егіздер жатырда жатқанда олардың гені АИТВ вирусына төтеп бере алатындай өзгертілген. Nature журналының жазуынша, бұл жағдай балалардың денсаулығы мен олардың ұрпағына қалай әсер етуі мүмкін екені белгісіз болғандықтан, ғылыми қауымдастық тәжірибені қатаң сынға алған. Ал жақында әлемге танымал 18 ғалым адам клеткаларына генетикалық өзгеріс енгізуге мораторий жариялауды сұрады.

«Қытай ғалымы Хе Цзянькуй адам геномына қатысты барлық этиканы бұзды. Тәжірибеден кейін ол адам балалардың кейінгі өмірін бақылай алатынын кепілдік бере алмайды. Тіпті, ол бұл тәжірибе үшін ешкімнің рұқсатын да алмады», деп жазады ғалымдар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы фильмнің көмегімен күресуге болады - Science Advances

Зерттеушілер оқиғада сыбайлас жемқорлық туралы жиі хабарланатын эпизоды көп фильм түсірген. Мамандардың айтуынша, фильмнен кейін сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаушылар қатары күрт артқан. Зерттеу туралы Science Advances басылымы жазды.

«Массачусетс технологиялық институтының қызметкерлері Water of Gold атты фильм жемқорлық оқиғасы туралы хабарлаушылардың санын арттырғанын жазды. Бұл фильм бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік нормаларды өзгертіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге әсер ету мүмкіндігін зерттеу үшін арнайы түсірілген», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, фильм желісі ағайынды екі жігіт туралы баяндайды. Кедей ауылдан шыққан ағайындылардың біреуі қалаға барып байып кетеді. Сөйтіп, жемқор саясаткер болып еліне қайта оралады. Ал оның інісі өзінің ағасынан көңілі қалып, өз жерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шыға бастайды.

«Фильмді көргендердің ішінде 240 адам шынында да жемқорлық оқиғалары туралы тиісті органдарға хабарлаған», деп жазады автор.

Ғалымдар Арктикадағы температура өсімін тоқтату мүмкін еместігін айтты - БҰҰ

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

БҰҰ комиссиясының жаңа құжатында ғалымдар әлем елдері ертең ақ көмірқышқыл газының артық шығуын тоқтатса да, Арктикадағы ауа температурасының өсуін тоқтату мүмкін емес екенін жазды. Ғалымдардың айтуынша, Арктикадағы температура ғасыр соңына дейін бес градусқа артады.

«Арктикадағы жағдай тек сол жерге қатысты десек, қателесеміз. Ғылым планетаға қауіп төндіретін жағдайды болдырмау үшін барынша еңбек етуі керек», дейді БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша директоры Джойс Мсуя.

Оның сөзінше, Арктикадағы ауа температурасының өсуі құрғақшылыққа алып келеді.

«Арктикадағы мұздың 40 пайызы жоғалған. Қалғаны өте жұқа. Яғни, орман өрті көбейіп, инфрақұрылымға зақым келеді», деп жазады автор.

Жаңа Зеландиядағы атыс: екі мешітте 500-ге жуық адам болды  - The Guardian

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітте болған атыстан кем дегенде 49 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Мешітке шабуыл барыcын Брентон Таррант есімді азамат онлайн таратып отырған.

«Шабуыл алдында Брентон Таррант «The Great Replacement» атты манифест жариялады. Онда ол «ақ геноцид» туралы бірнеше рет айтқан. Жұма күні Жаңа Зеландия билігі 28 жастағы азаматты адам өлтірді деп айыптап, қамауға алды. Сот отырысы 5 сәуір күні болады», деп жазады The Guardian басылымы.

Мәлім болғандай, ол Сиднейден 600 шақырым жерде орналасқан Графтон қаласында тұрған, бұған дейін спорт залында жұмыс істеген.

«Оның бұрынғы бастығы Тарранттың ешқандай эксремистік көзқарас танытпағанын, өзін ерсі ұстамағанын айтты. Дегенмен, The Great Replacement құжатында оның мешітке шабуылды 2017 жылы Еуропаға сапарынан кейін ойластыра бастағаны айтылған. Құжатқа сенсек, Стокгольмдегі «Ислам мемлекеті» өз мойнына алған экстремистік оқиғадан кейін Таррант өз ойын өзгерткен», деп жазады автор.

Дегенмен, мамандар бұл манифест журналистерге арналған қақпан екенін айтып жатыр. Яғни, манифест авторы күмәнді мазмұнды ақпаратты троллинг үшін жинастырған болуы мүмкін. Бұл назарды өзіне аударып, эмоционалды реакция туғызу үшін таптырмайтын амал», деген мамандар.

Автор атыс кезінде екі мешітте бес жүзге жуық адам болғанын айтады. Атыстан кейін мешіт маңынан жарылғыш заттар орнатылған автокөліктер табылған. Бұл Жаңа Зеландиядағы ең қанды оқиға» дейді автор. Оның жазуынша, атысқа нақты неше адам қатысқаны әлі белгісіз. Қазіргі таңда үш адам қамауға алынған.

«Полиция деректеріне сенсек, ұсталған үш адамның біреуі адам өліміне айыпталуда. Полиция сондай-ақ мешітке шабуыл мұқият дайындалғанын хабарлады. Ал Жаңа Зеландия полициясының басшысы оқиға орнынан тараған видеоны одан әрі таратпауға шақырды», деп жазылған.  

Премьер-министр Джасинда Ардерн оқиғаны терроризм деп атады. Алдын ала жарияланған манифестте де бұл террористік шабуыл екені айтылған. Жаңа Зеландиядағы мешіттер қауіпсіздік мақсатында уақытша жабылды.

Трамп төтенше жағдай режімін сақтау үшін вето жариялады - ВВС

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

АҚШ президенті Дональд Трамп төтенше жағдай режімін сақтап қалу үшін АҚШ Конгресінің резолюциясына президенттік қызметке кіріскелі бері алғаш рет вето жариялады. ВВС басылымының жазуынша, Президент төтенше жағдай режімін Мексикамен шекарада қорған салуға қаражат бөлу үшін жариялаған.

«Дональд Трамп тікелей эфирде конгресс шешіміне вето жариялады. Трамп конгрестің резолюция қабылдауға еркіндігі бар екенін, бірақ вето жариялау өзінің міндеті екенін айтты. Сондай ақ ол Конгресс шешімін америкалықтардың өміріне қауіп төндіретінін айтты», деп жазады басылым. 

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - World Economic Forum

Интернеттің пайда болғанына отыз жыл толды - Әлемдік баспасөзге шолу 

Отыз жыл бұрын интернет пайда болды. Бүгінде әлемнің тең жартысы онлайн отырады.  World Economic Forum сайтында осы аралықтағы өзгерістер туралы мақала жарияланды.

«Интернет бүгінде қоғамдық алаңға, кітапханаға, дәрігердің кабинетіне, дүкенге, мектепке, дизайн студияға, кеңсеге, кинотеатр мен банкқа айналды. Әрине, интернеті бар халық интернетке қол жеткізе алмай отырғандардан анағұрлым биікте тұр. Сондықтан интернетті көпшілікке қолжетімді ету маңызды», деп жазылған сайтта.

Сондай-ақ онда интернеттің пайдасына қатысты сенімсіздік білдірушілер қатары көбейгені айтылып, алдағы отыз жылда бұл жағдайды өзгерту өз қолымызда екені жазылады.  

«Қазірден бастап интернетті адамдар үшін тек жақсылықтың құралы болатындай ету керек», делінген онда. 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Интернет, Оқиға, Әлем,
Бөлісіңіз:

Автор:

Айкүміс Болатбек

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
MURAǴAT