+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Интернетті дүр сілкіндерген оқушы Димаштан озуды армандайды

2017 жылғы 13 шілде 14:41
Бөлісіңіз:
Интернетті дүр сілкіндерген оқушы Димаштан озуды армандайды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Витастың «Опера 2» әнін орындап, көпті таңғалдырған 12 жастағы Мұхамбетәли Қалауов атақты әнші болуды армандайды. Ол қазір Димаш Құдайбергеннің әндерін орындап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Витастың «Опера 2» әнін орындаған Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде тұратын Мұхамбетәли Қалауов қазақстандықтардың ықыласына бөленуде. Жас таланттың ән айтқан видеосын әлеуметтік желі пайдаланушылары бір-бірімен бөлісіп, 7-сынып оқушысына ақ жол тілесуде.

«Мен Димашқа еліктеймін. Бірақ одан да күшті әнші болғым келеді. 3-сыныпта оқып жүрген кезде Байғанин аудандық музыкалық мектебінің домбыра сыныбына оқуға түстім. Қазір бірнеше күйді тарта аламын, нота білемін. Ал Витастың «Опера 2» әнін интернеттен көріп, жаттап алдым. Әнді жиі айтып, дауысымды жаттықтырдым. Жоғары диапазонда айтылатын әндерді ұнатамын»,- деді Мұхамбетәли Қалауов.
Интернетті дүр сілкіндерген оқушы Димаштан озуды армандайды

Молыбай Өтеумағамбетов пен Ақалтын Қаймақованың бес баласы бар. Балаларының бірі қаза болып, отағасы Молыбай Өтеумағамбетов те көз жұмды. Отбасының кенжесі Мұхамбетәли ол кезде 11 айлық болған. Әкесін тек сурет арқылы танитын бала қазір үлкен сахнаны бағындыруды армандап жүр. Алдымен музыкалық білімін жетілдіруді мақсат еткен.

«Әкем ән айтқан, анам да айтады. Үйде ағам да әнші. Мен ірі жобаларға қатысып, байқауларда бақ сынағым келеді. Бұған дейін облыстық байқауларға қатысқан емеспін. Шағын видео интернетке салынған соң ауылда мені танып, үлкендер суретке түсіп жатыр. Бұл қызық екен. Мен болашақта әнші, биші, күйші болғым келеді»,- деді М.Қалауов.

Қарауылкелдідегі бауырын Ақтөбе қаласына алып келген Әйгерім Өтеумағамбетова інісін музыкалық мектепке беруді ойлап отыр. Ол інісінің тойда емес, сахнада ән айтқанын қалайды.

«Әкеміз Молыбай Өтеумағамбетов театр әртісі болған. «Әке тағдыры» қойылымында ойнады. Жетістіктері мол еді. Інім Бектас Өтеумағамбетов те ән айтып, 2012 жылы «Жас дәурен» байқауынан екінші орын алды. Анамыз Мұхамбетәлиді 39 жасында дүниеге әкелді. Кішкентайынан елгезек, өнерге жақын. Билейді, көңілді тапқырлар клубына қатысып, ең үздік ойыншы атанды. Пародияны жақсы салады. Кәсіби әнші болуы үшін арнайы білім алуды жөн көріп отырмыз»,- деді Әйгерім Өтеумағамбетова.

Айта кетейік, өнерлі Мұхамбетәли күрес үйірмесіне қатысып, жүгіреді. №3 Қарауылкелді орта мектебіндегі Мұхамбетәлидің сынып жетекшісі Қанат Булеков болашағынан мол үміт күттіретін кішкентай әншіге демеушілер қолдау көрсетіп, кәсіби мамандар бағыттап, сабақ берсе деген ойын жеткізді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT