Интернеттегі теріс сипаттағы материалдардың 90 пайызы терроризмді насихаттауға арналған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күн сайын Қазақстанда ондаған заңға қайшы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі парақшалар анықталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрлік заңға қайшы мазмұндағы материалдарды анықтау тұрғысында интернет пен әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, интернет-ресурстар әкімшілеріне ескерту жасаймыз. Заңнаманы бұзудың қандай түрлері кездеседі? Бұл ретте бірінші кезекте лаңкестікті, діни экстремизмді насихаттау, суицидке шақыратын материалдарды тарату, есірткі мен қару сататын сайттар және әлеуметтік желілердегі парақшалар секілді заңға қайшы материалдар бар. Күн сайын ондаған немесе жүздеген осы тектес интернет-ресурстар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды анықтаймыз», - деді Н. Мауберлинова.

Осы орайда вице-министр аталған мәселе бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталды.

«Егер 2016 жылы 140 мың құқыққа қайшы материал анықталса, 2017 жылы – 300 мыңнан астам, ал өткен жылы - 130 мың осындай материал тіркелді. Яғни, 2018 жылы бұл көрсеткіш төмендеді. 2019 жылы 45 мыңнан астам теріс сипаттағы материал анықталды. Анықталған заңсыз материалдың 90 пайызға жуығы - лаңкестікті насихаттауға арналған. Қалғандары есірткі тарату, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, суицидті және порнографияны насихаттауға байланысты болып тұр», - деді ол.

Нұргүл Мауберлинованың атап өтуінше, қауіпсіздік сертификаты нақты заңға қайшы контентті шектеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Асқар Жұмағалиев бүгінде интернетте заңға қайшы контент жиі кездесетінін, сондай-ақ киберлік қатерлер де бар екенін атап өтті. Осы орайда тиісті қорғанысты қамтамасыз ету үшін аталған қауіпсіздік сертификаты іске қосылады.Аталған сертификат ресурсты емес, нақты құқыққа қайшы контентті шектейді.

Айта кетейік, министр әр адам смартфонға қауіпсіздік сертификатын өз еркімен орнататынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар