Интернетсіз отырған Алматы облысының тұрғындары мұнара құрастырды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында интернетсіз отырған Беріктас ауылының тұрғындары ұялы байланыс таратушы құрылғы орнататын мұнараны өздері құрастырды. Енді биіктігі 21 метр қондырғыны көтеру үшін арнайы техника қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

70-ке жуық отбасы бар Беріктас ауылында 84 оқушы оқиды. Карантин кезінде ауылдың 20-ға жуық студенті келді. Ғаламтордың жоқтығы балалардың онлайн білім алуын қиындатты. Осыған алаңдаған ата-аналар ұялы байланыс операторларына өздері шыққан. Ол жерде шағын ауылға ғаламтор тарту тиімсіз екенін алға тартып, өздеріне мұнара жасатуды ұсынған. Ауылдағы ағайын бірігіп, бір ай көлемінде темір жинап, 21 метрлік мұнара құрастырды. Әуел баста тұрғындар мұнараны қалаға тапсырыс беріп жасатпақ болған. Алайда кәсіпорында бұл жұмысты 3 млн теңгеден астам қаржыға бағалаған.


«Бір ай болды ғой осы «вышкамен» айналысқалы бері. Енді жасауын жасадық. Осыны тұрғызатын кран керек болып тұр. Сол кранға қиналып жатырмыз. Әйтпесе бәрі дайын болып тұр. 100 мыңнан астам ақша сұрайды. Оған тағы да жинаймыз ба, білмей отырмыз?», - дейді ауыл тұрғыны Ерік Нүсіпов.

Ал ауыл әкімі Әлия Бақтиярова байланыс операторы келіп интернет желісін қосып беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, «мұнара орналасқан жер телімін, мемлекеттік актілерін және де басқа құжаттарын өзім реттеп беремін» деп сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар