Интернет тарататын базалық станциялардың зияны жоқ – Бағдат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин интернет тарататын базалық станциялардың зияны жоқтығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдарға сапалы интернет беру үшін республика бойынша 20 мың шақырым оптика тартамыз. Интернетті сол елді мекеннің ішінде тарату, үйге жеткізу үшін көп қаражат керек. Сондықтан, базалық станциялар орнатылады. Бұл станциялар арқылы 4G мобильді интернет беріледі. Сондай ауылдарда 4G интернет болса, халық мобильдік құрылғы, десктоп, ноутбуктардың барлығымен мобильді интернетке қосыла алады», - деді Бағдат Мусин «Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы онлайн конференцияда .

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 928 ауылға базалық станция орнатылады. Қазіргі уақытта оның 60-ға жуығына орнатылды.

«Қала маңындағы ауылдарда интернет бар, бірақ сыммен интернет тартылмаған. Қосшы, Қаскелеңді алайық, онда көп пәтерлі емес, жер үйлер көп. Сол жекеменшік үйлерге сым тарту – үлкен мәселе, үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан біз радиоинтернетті қолданамыз. Радиоинтернеттің сапасын жақсарту үшін базалық станцияларды көптеп орнату керек. Бірақ, мұнда бір мәселе бар. Мысалы Нұр-Сұлтанда Family Village деген шағынаудан бар, коттедждер. Бірақ сол Family Village-дегі 2-3 жанұя әкімдікке хат жазып, кондоминиум ішінен базалық станцияларды шығарып тастауды сұраған. Әкімдіктің ол өтінішті орындамауға еш құқығы жоқ. Сондықтан, Family Village интернетпен қатмамасыз ету үшін біз қазір BI Group-тан жер учаскесін сұрап алып, сонда базалық станция орнатуға мәжбүр болдық», - деді спикер.

Б. Мусин базалық станцияларға наразылық мәселесі көпқабатты үйлерде де туындап жатқанын жеткізді.

«Осы студияны пайдаланып, радиофобия мәселесін айтқым келеді. Қорықпау керек. Базалық станцияның төбеде тұруы пәтердегі адамға еш әсер етпейді. Оның еш зияны жоқ, санэпидемиологиялық нормаларға түгел сай. Үйіңіздегі қысқа толқынды пеш қанша толқын шығарса, базалық станция да солай. Бұл - барлық елдерде, барлық қалаларда қолданылатын технология.

Сол базалық станция сіздің жаныңызда болмаса, сіздің мобильді телефоныңыздан көбірек радиотолқын шығады. Соның зияны көбірек. Сондықтан, базалық станция жақында болғаны жақсы», - деп түсіндірді Б. Мусин.


Соңғы жаңалықтар