Интернет сапасы: Қатаң талаптар қойылып, жиіліктер мемлекетке қайтарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдың басынан бері коронавирус індетінің таралуы салдарынан халықты интернетпен қамту, цифрландыру қарқынын жеделдету ерекше маңызға ие болды. Бұл тұрғыдағы жұмыстардың кемшін тұстары айқын көріне бастады. Сәйкесінше, жауапты органдарға білім платформасын дамыту, қашықтан білім беру үдерісіне техникалық тұрғыдан көмек көрсету, денсаулық сақтау саласын жедел цифрландыру бағытында тапсырмалар берілді.

Бүгін цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта Үкімет сағаты өтіп, онда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ауылдарға интернет тарту жұмысы жайында баяндады.

«Қазіргі кезде 6 459 елді мекеннің ішінде 118 қала мен 4 558 ауыл әртүрлі технологиялар бойынша интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 5 331 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Телеком операторларымен бірігіп, интернет желісін дамыту үшін елімізде екі ауқымды жоба іске асырылуда. Бірінші жоба - бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы оптикалық интернетті шалғайдағы ауылдарға тарту», - деді министр.

Жоба бойынша 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға интернет желісі тартылуда. Егер 2018 жылы 56 ауылға оптикалық желі тартылса, 944 ауыл қосылатын болады. Бұл жобаға 75 млрд тенгеге жуық инвестиция тартылды. Жоба аясында 3 700 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерге байланыс жеткізілді. Екінші жоба 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылды 3G және 4G, сондай-ақ басқа технология бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейді.

Атап айтқанда, тұрғындар тарапынан интернеттің сапасына, жылдамдығына, оның қамту аумағына қатысты көп сын айтылған еді. Бұған қатысты бірнеше себеп бар.

Б. Мусиннің түсіндіруінше, біріншіден, бізде интернет сапасы бойынша қатаң заңнамалық талаптар жоқ. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 пайызы радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған.Сонымен қатар, телекоммуникациялық операторлардың қызметіне төмен айыппұлдар белгіленген. Осы орайда тек 100 АЕК сомасында ғана айыппұл салынады.

Радиожиілік саласындағы «латифундизм» мәселесіне тоқталған министр: «бұл дегеніміз кіші телеком операторлар өздеріне радиожиіліктер алып, оларды қызмет көрсету үшін пайдаланбауда. Радиожиілік ресурстарды тиімді қолдану маңызды екені түсінікті. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай келе жатқан жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлаудамыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарттар мен заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - деді.

Министр реттеуші орган рөлін күшейтуді сұрады

«Көрсетілген проблемаларды ескере отырып, реттеушінің рөлін, яғни біздің министрлікті күшейтуді ұсынып, тиісті заңнамаларға өзгертулерді енгізбекпіз. Біріншіден, сапалы шешім әрі бақылау міндеттерін атқару үшін телекоммуникация желілерінің бас схемасын әзірлейміз. Бұл ақпаратты министрлікке операторлар автоматты түрде беруі қажет», - деді министр.

Екіншіден, ведомство интернет сапасына қойылатын талаптарды белгілейді және көрсетілген қызметтердің сапасына бақылауды күшейтпек.

«Сонымен қатар, радиожиіліктерді бөлудің жаңа стандарттарын бекіту керек. Тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалуға беруге тыйым салатын боламыз. Ұялы байланыс ұйымдарына бөлінген радиожиіліктер үшін төлемақының жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға қысқарту арқылы ауылдық елді мекендерде кең жолақты ұтқыр байланыс желілерін салуға арналған қаражатты қайта инвестициялау мақсатында салықтық преференциялар беруді ұсынудамыз», - деді Б. Мусин.

Министрдің сөзіне қарағанда, салалық заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту ескеріліп отыр.

Мұнымен қооса, қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде сымды телефония қызметтері мен пошта қызметтері жыл сайын 8 млрд теңгеге субсидия алуда. Енді интернетті ауыл үйлеріне дейін жеткізу үшін телеком операторларын ынталандыру ретінде оптикалық байланыс және басқа технологиялар арқылы қосылған интернетті үйге жеткізуді субсидиялау ескерілген екен. Нәтижесінде, ауылдық елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Ұсыныстарды тыңдағаннан кейін, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров министрліктің қазіргі өкілеттігін жан-жақты қарау керектігін атап өтті.

«Егер көтеріліп жатқан проблемаларды нақты шешу үшін ведомствоның өкілеттігіне байланысты қолданыстағы заңдарға немесе Үкіметтің тұрғысынан ведомствоаралық қарым-қатынасқа байланысты өзгертулер мен толықтырулар қабылдау керек болса, оны біз қосымша пысықтайық. Бүгінгі отырыстағы тиісті ұсыныстарды қарастырайық. Біздің түсінігіміз бойынша қауіп болған жерде жауапкершілік те болуы керек. Оны орындау Үкіметтің құзыретінде», - деді Н. Әбдіров.

Меморгандардағы кемшіліктер

Цифрландыру мәселелері бойынша министрліктерде экспресс талдау жасады. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігінде 50-ден аса ақпараттық жүйе бар екен.

«Біз олардың тек 24-ін ғана көрдік, қалған 28-і біз үшін белгісіз болды. Біз құзыретті министрлік ретінде олардың бар екенін білмедік. Мұндай сұрақ неден туындады? Біріккен IT-архитектура толыққанды жасалмаған, яғни ол жасалса да министрліктер оған сай жұмыс істемейді. Ведомство құрылымындағы ұйымдардың ішінде тиісті ақпараттық жүйелерді стандарттарға сәйкес емес жасайды, салдарынан олар бізге көрінбейді. Сол себепті дәрігерлер бірнеше жүйеде жұмыс істеуде. Әрине, бұл жағдай қызмет көрсету уақытын ұзартады», - деп түсіндірді Бағдат Мусин.

Сондықтан осы саладағы проблемаларды шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе бірыңғай архитектура әзірленуде. Осы саладағы басты мәселе – ол платформаны қажетті деңгейде қосу. Барлық ақпараттық жүйені біріктіріп, жобаны толыққанды іске қосу үшін Денсаулық сақтау министрімен тиісті келісім жасалды. Бұл тұрғыда дәрілік заттардың, төсек орындарының, денсаулық паспорттарының дерекқорлары құрылуда.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблемалар бар. Бұл ретте IT мамандарының біліктілігі мәселесі көтерілуде.

«Сонымен қатар, қазіргі кезде маңызды проблемалардың бірі – ол мемлекеттік қызметтердің үлесін автоматтандыру үшін жарыс бар. Барлық күш-жігер сапаға емес, санға бағытталды», - деді Б. Мусин.

Оның пайымынша, мемлекеттік органдарды цифрландыру проблемаларын жүйелі шешу үшін кадрлар мен біліктілік мәселесіне мән беру керек.

«Сегіз мемлекеттік органда цифрландыру бағытында дербес жауапты вице-министрлер бекітілді. Бірақ та олармен жұмыс атқаратын 500-ден астам адамның орташа жалақысы 150 мың теңгені құрап тұр. Олардың деңгейін де көтеру керек. Сондықтан біз цифрлық құзірет орталығын ашамыз. Онда жүйелік талдау, процестердің реинжинирингі, деректерді басқару және басқа бағыттарда осы қызметкерлердің біліктілін арттырамыз», - деді министр.

Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы жаһандану заманында цифрландыру мәселесін жоғары деңгейге көтеретін, алды 20 жасқа келіп жатқан ұрпақтың сапалы білім алуына аса зор көңіл бөлу керек екенін жеткізді. Себебі, бүгінгі IТ-мамандықтарын бітіріп жатқан мамандардың біразы осы салада қалып жатқан жоқ. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Цифрландыру саласында алдыңғы қатардағы мемлекеттер - АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея жаңа перспективті технологиялар бойынша сапалы маман даярлау міндетіне ерекше ден қойып отыр.

«Біздерде Білім министрлігінің мәліметі бойынша жоғары оқу орындарында жаңа оқу жылына Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарына 8,5 мыңнан аса білім гранты бөлінген. 4 жылдан соң оқу орнын бітіретін осы кадрлардың ертеңгі күні өңірлерді де, оның ішінде облыс орталықтарында цифрландыру жұмысында маңызды роль атқаруына жағдай жасау керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдай отырып, мұғалімдердің жағдайы көтерілді. Ал енді, мемлекетіміздің экономика саласы ғана емес, барлық саласын дамытуда ерекше роль атқаратын, цифрландыру заманының мамандарына да, заңдық тұрғыдан арнайы қолдау қарастыру қажет деп ойлаймыз», - деді Алтынбек Нухұлы.

ҚазАқпарат, Нұр-Сұлтан


Соңғы жаңалықтар